Алматыдағы тергеу изоляторында Жамбыл облысы Қордай ауданында болған ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
“Бүгін, 29 сәуірде таңғы сағат 08.00-де Алматы қаласының тергеу изоляторында қамауда отырған Бекбол Кибаев Мухамедович сол жақ қолының білек тұсы кесілген күйінде дәретханадан табылған. Оған изолятордың медициналық қызметкерлері бірден алғашқы медициналық көмек көрсеткен, алайда оны аман алып қалуға мүмкіндік болмады” деп жазылған прокуратура мәлімдемесінде.
Ведомствоның мәліметінше, жедел жәрдем ол қан көп жоғалтқандықтан қайтыс болғанын айтқан. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.
Қазақстан бас прокуратурасы 27 наурыздағы брифингте Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер жанжалына байланысты 25 адамның қамалғанын хабарлаған.
7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 11 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен. Мыңдаған адам Қырғызстанға қашқан.
Оқи отырыңыз: Қазақтар мен дүнгендердің жанжалдан кейінгі өмірі
Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 120-дан астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ("Адам өлтіру" бабы бойынша 11 іс). Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.
Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
ПІКІРЛЕР