Accessibility links

AI Нұр-Сұлтанды митинг туралы заң жобасын ЕҚЫҰ мен БҰҰ сараптамасына жіберуге шақырды


Құқық қорғау саласындағы халықаралық жетекші ұйымдардың бір тобы Нұр-Сұлтаннан Қазақстанның адам құқы бойынша халықаралық міндеттемелеріне сәйкес парламент сенатының қарауына түскен "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасын қайтарып алуды сұрады.

Мамырдың 4-іне халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы жариялаған ашық хатта бейбіт жиындар туралы заң жобасын сенаттан қайтарып алып, ЕҚЫҰ-ның жиын және бірлестіктер еркіндігі бойынша сарапшылар кеңесінің және БҰҰ адам құқы жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының сараптамасына жіберуге шақырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталған ашық хатта құқық қорғаушылар аталған заң жобасы қазіргі күйінде адам құқығы саласындағы халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айтады.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, заң жобасында көрсетілген процедуралар жиын өткізуге байланысты мәселелердің барлығына шын мәнінде биліктің "рұқсатын алу" керектігін көрсетеді; мұндай процедуралар бейбіт жиын құқығын жүзеге асыруға шектен тыс бюрократиялық кедергілер жасайды.

Мұнан өзге, заң жобасының 5-бабы Қазақстан азаматтығы жоқтарды, сонымен бірге сот "қабілетсіз" деп танығандарды есептемегенде, психикалық немесе психоәлеуметтік дертке шалдыққандарды "ашық түрде кемсіту" сипатында жазылған; мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы талаптар азаматтық қоғам ұйымдарының кей мүшелерінің бейбіт жиын өткізу құқығынан айыруы мүмкін.

Құқық қорғаушылар мен белсенділерді алаңдатқан заң жобасы биыл, сәуірдің 8-іне парламент мәжілісінің екінші оқылымынан өткен. Бес күннен соң "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы сенатқа түскен. Өткен аптада сенат бірінші оқылымда мақұлдаған.

Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер билік бұл заң жобасын жаппай шара өткізуге тыйым салынып, жүріс-тұрысқа шектеу қойылған төтенше жағдай режимі кезінде жылдам қабылдағасы келеді деп қауіптенетінін бірнеше рет білдірген.

2019 жылы маусымда жаппай қарсылықпен және мыңдаған адамның қамауға алынуымен өткен президент сайлауында жеңді деп есептелген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурациясынан соң бейбіт жиындар туралы жаңа заң қабылдауға уәде беріп, заңда бейбіт жиынды жергілікті биліктен рұқсат сұрамай-ақ ескертумен өткізуге мүмкіндік беру керектігін айтқан.

Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпан айында бейбіт жиындар туралы заң жобасын ұсынған. Жобаны қараған заңгерлер жаңа заң жобасына билік қазіргі шектеулерді қайтадан қосқысы келеді деген ұйғарымға келген. Қолданыстағы заң бойынша жиын ұйымдастырушылар әуелі жергіліктің биліктің рұқсатын алуы тиіс. Митингілер мен оған ұқсас өзге де акцияларға түрлі себептермен рұқсат берілмейтіні жиі байқалған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG