Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының айтуынша, Қазақстанда бейбіт жиын туралы жаңа заң қабылданғанмен еркін жиналу құқығы шектеулі күйде қалды. Құқық қорғау тобы өкілдерінің пікірінше, бейбіт жиын туралы жаңа заң азаматтардың бейбіт түрде пікір айту құқығын жүзеге асыруды жеңілдетпейді, кейбір жағдайда тіпті күрделендіріп жібереді.
Заң сот шешімімен "іс-әрекет етуге қабілетсіз" деп танылған Қазақстан азаматтарына акция өткізуге тыйым салады, ұйым мұны "сорақы дискриминация" деп атайды. Құжат сонымен бірге Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген ұйымдарға да митинг ұйымдастыруға тыйым салады. HRW ұйымы билік қойған күрделі талаптарды орындай алмай, тіркеуден өтпей қалған тәуелсіз кәсіподақтар мен тіркеу туралы өтініші орындалмаған топтарды еске салады.
"Заң бойынша наразылық жасауға рұқсаты бар адамдар осы заң аясында құқықтан гөрі артықшылыққа көбірек ұқсайтын нәрсені жүзеге асыру үшін түрлі ережелер мен нұсқаулықтар түріндегі кедергілерге ұшырайды" делінген мәлімдемеде.
Сарапшылар қабылданған заң Қазақстан азаматы емес адамдарға: оның ішінде босқындарға және азаматтығы жоқ елде тұрақты тұрып келе жатқан шетел азаматтарына акция ұйымдастыруға тыйым салатынына назар аударады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жаңа заңдағы митинг өткізу бойынша "ескерту принципінің" декларативті сипаты ғана бар. Онда акцияларды арнайы бөлінген орындарда өткізу, жиынды өткізбей тұрып 5-10 күн бұрын акция түріне қарай ескерту немесе өтініш беру, қатысатын адамдар саны мен орнын көрсету сияқты ережелер бар. Кездейсоқ акцияларға тыйым салынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айындағы сайлаудан кейін бейбіт жиын туралы заң қабылдауға уәде беріп, митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдауға уәде берген. Осы аптада өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жиынында Тоқаев қабылданған жаңа заң азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын "толық қамтамасыз етеді" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР