Биыл қаңтарда Алматы облысында WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы «коронавирус тарап, 70 шақты адамға жұққаны» туралы айтқан дәрігерге қатысты «Жалған ақпарат тарату» бабымен қозғалған қылмыстық іс тоқтады. Бұл туралы Азаттыққа дәрігердің адвокаты хабарлады.
Адвокат Василий Садықов дәрігердің кінәсіз екендігін дәлелдегендерін айтады. Адвокат Айтжановтың сөзінің сараптамасын Қазақстанның бұрынғы бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің «коронавирус келуі мүмкін» деген болжамымен салыстырып, басқа да нақты уәждермен тағылған айыптың негізсіздігін көрсеткендерін айтады.
- Қазір коронавирус жұқтырғандардың Думан Айтжанов шамалаған 70-тен әлдеқайда артқаны белгілі. Мүмкін сол кезде ол жасырын мәліметті біліп қалған шығар. Ең бастысы қылмыстық іс тоқтады, - дейді адвокат Садықов.
Адвокаттың сөзінше, осы жағдайдан кейін Думан Айтжанов он жылдан астам еңбек өтілі бар тамаша гинеколог бола тұра жұмыс орнынан кетуге мәжбүр болған.
- Қазір өзі тұратын аудан орталығынан шалғайдағы басқа ауданда жұмыс істеп жатыр, - дейді Василий Садықов.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының дәрігер-гинекологы Думан Айтжанов 30 қаңтарда Қытайдың Ухань қаласынан тарай бастаған жұқпалы ауру туралы WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы видео таратқан. Ол онда жағдайдың нашар екенін, вирус жұқтырғандар саны 70-ке жеткенін айтып, маска киіп, сақтанып жүру керектігін айтқан. Сол күні полиция оны бірден ұстап, Қылмыстық кодекстің «жалған ақпарат тарату» (274-бабының 2-тармағы) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін әлеуметтік желіде дәрігердің кешірім сұраған видеосы жарияланған еді.
«Мен WhatsApp-тағы сыныптастарымның тобына коронавирус бар екендігі туралы видео салдым. Мен достарымның сәл қорыққанын қаладым. Қателігімді мойындаймын, 70 шақты адам туралы біреулерден естіп қалдым. Мен халқымның алдында кешірім сұраймын. Енді абай боламын» деген еді дәрігер.
Қазақстанда әлеуметтік желілерде айтқан пікірлері үшін жауапқа тартылып немесе кейін қателскенін айтып, кешірім сұраған жағдайлар жиі кездеседі.
Полицейлердің әрекетін видеоға түсіріп, заңға қайшы әрекеттерін сынап жүрген шымкенттік белсенді Руслан Жанпейісов (құжаттағы есімі – Бейбарыс Райымбеков) 2017 жылы екі жарым жылға бас бостандығын шектеген еді. Ол Қылмыстық кодекстің "Ақпаратты жасырып алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану" және "Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпталған. Қамаудан шыққан соң Руслан Жанпейісов ішкі істер министрі мен Қазақстан президентіне қайрылып, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған.
Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыр ауылының мұғалімі карантин кезінде интернет үшін түнделетіп сіңлісінің үйіне барып, Kundelik.kz сайтына кіретінін айтып шағымданған еді. Ол желіде “кедей елдің кедей мұғалімімін” деген. Бір күннен соң мұғалім “кедей ел” жайлы сөзі үшін кешірім сұраған.
ПІКІРЛЕР