Өлі адамдардың денесі бейберекет жатыр деген мәйітхана видеосы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында түсірілген. Мұны облыстың денсаулық сақтау басқармасы растады.
"Ақсай мәйітханасына кіргендегі көрініс – мынау. Коронавирустан қайтыс болғандардың денесін осылай бейберекет қоя салған" дейді кадр сыртындағы әйелдің даусы. Видеода қара пакетке оралған сыртқы пішіні бойынша мәйітке ұқсайтын денелер бейнеленген. Видеоны түсіруші темір есікті ашқанда оның арғы жағында үстел үстінде бірнеше мәйіттің жатқаны көрінеді
"Расымен 2020 жылдың 12 шілдесінен 13 шілдесіне қараған түні Бөрлі аудандық ауруханасының паталоганатомиялық бөліміне қайтыс болғандардың денесі жеткізілген. Ол жерде оған дейін жеткізілген мәйіттер де болған. Мәйітхана қызметкері қызметтік міндеті бойынша, нормативтерге сәйкес, мәйіттерді дереу іріктеп, арнайы тоңазытқыштарға салуы керек болған, бірақ міндетін орындамаған" делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында.
Басқарма сот тергеуінің басталғанын мәлімдеді, бірақ видеоны түсірген адамның байланыс мәліметін беруден бас тартты. "Жағдай бақылауға алынды" деді басқарманың баспасөз хатшысы хабарламада. Мекеме өзге деректі айтпады.
Коронавирус пандемиясына байланысты мәйітханалардың жұмысын атқарып үлгере алмай жатқаны туралы хабарлар елдің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Олардың қатарында Алматы мен Орал қалаларының мәйітханалары да бар.
"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ
Ресми статистикаға сәйкес, Батыс Қазақстан облысында 4,4 мың адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Оның 3,4 мыңы жазылып шыққан, 22-сі қайтыс болған. Кеше, 16 шілде күні облыста 108 адамнан коронавирус анықталды. Кейінгі аптада бұл көрсеткіш 90-нан төмендемеді.
Елде пневмония өршіп, салдарынан қайтыс болғандар саны артты. Дәрігерлер пневмонияны коронавирус қоздырып отырғанын айтса да, билік өкпе ауруына шалдыққандарды COVID-19 статистикасына қоспай отыр.
ПІКІРЛЕР