Accessibility links

Солтүстік Корея Covid болуы мүмкін алғашқы жағдай туралы хабарлады


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын.

Солтүстік Корея билігі эпидемия басталғалы алғаш рет коронавирус жұқтыруы мүмкін деген науқастың барын хабарлады. Мемлекеттік KCNA агенттігі "Безбүйрек вирус елге келді деп айта беруге болады" деп КХДР басшысы Ким Чен Ынның сөзін келтірді.

КХДР билігінің мәлімдеуінше, олар Оңтүстік Кореяға қашып, үш жылдан кейін 19 шілде күні оралған азаматынан күдіктеніп отыр. Шекара маңындағы Кэсон қаласында карантин тәртібі енгізілді.

Жабық ел саналатын Солтүстік Корея осы күнге дейін елде коронавирус жұқтырғандардың барын жоққа шығарып келген. Сарапшылар Солтүстік Кореяға вирус әлдеқайда ерте жеткен, бірақ билік ол туралы хабарламаған дейді. ҚХДР – Covid індеті бастау алған Қытайға көрші мемлекет. Оның жанындағы Оңтүстік Корея да індеттен зардап шеккен елдердің қатарына кіреді.

Қала-мемлекет немесе арал-мемлекет санатына жатпайтын елдер арасында коронавирус жұқтырған азаматтары барын мойындамай отырған бір ғана мемлекет қалды. Ол – жабықтығы мен авторитарлығы жөнінен КХДР-дан кем түспейтін Түркіменстан. Ресми Ашхабад коронавирустың елге келгенін жоққа шығарғанымен, елдегі карантин шаралары індетпен ашық күресіп жатқан елдердің шараларына ұқсайды.

Әлемде коронавирус жұқтырғаны расталғандар саны 16 миллионнан асты. Бұл сан күн сайын 200 мыңға артып отыр. Вирустың тарауы жөнінен АҚШ, Бразилия және Үндістан елдері көш бастап отыр. Кейінгі уақытта вирустың тарауы карантин шектеулерін алып тастаған Еуропа елдерінде де күшейе бастаған. Дүниежүзі бойынша коронавирустан 650 мыңға жуық адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG