Accessibility links

Цой "карантин енгізілгелі вирус жұқтырғандар 29% азайды" дейді. Рас па?


Коронавирус тестін тапсырып жатқан адам. Алматы. 13 шілде 2020 жыл.
Коронавирус тестін тапсырып жатқан адам. Алматы. 13 шілде 2020 жыл.
Алексей Цой

Алексей Цой

Қазақстан денсаулық сақтау министрі

Карантин шектеулері енгізілгелі үш аптада елде 35951 адамнан коронавирус табылды. Жалпы елде шектеу енгізілгелі вирус жұқтырғандар 29 пайызға дейін азайды.

Дереккөз: Үкімет отырысында айтқаны
Манипуляция

28 шілдеде Үкімет отырысында Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде 5 шілдеден бері үш аптада 35 951 адамнан коронавирус табылғанын, "вирус жұқтырғандар саны қатаң карантин шектеулері енгізілген сәттен бері 29 пайызға төмендегенін" айтты. Азаттық Цойдың 29 пайызды есептегенде карантин күндеріндегі деректен өзіне керек сандарды іріктеп алғанын анықтады.

Цой коронавирус жұқтырғандар "29 пайызға дейін төмендеді” деген статистиканы қандай алгоритммен есептегінен түсіндірмеді. Елде карантин шарасы енгізілген тұста, 5 шілдеде 1403 адамнан коронавирус табылған. Ал үш апта өткен соң, яғни 26 шілдеде 1402 адамнан, 27 шілдеде 1526 адамнан Covid анықталды.

Егер карантин басталған 5 шілдеден бастап үш аптаның статистикасын салыстырсақ, коронавирус жұқтырғандардың 29 пайызға азайғаны байқалмайды. Вирус анықталғандар саны ресми дерек бойынша, 5 шілде күні 1402 адамның Covid жұқтырғаны расталған. Үш аптадан соң, 26 шілде 1402 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. 5-26 шілдеде елде орта есеппен күніне 1700 адамнан вирус табылған.

Ал министр айтқан 29 пайыз қайдан шығуы мүмкін?

Денсаулық сақтау министрлігі "29 пайызды” шығарғанда 5-26 шілде арасында вирус жұқтырғандар көп тіркелген күнді, яғни 8 шілдедегі 1962 оң нәтижені және 26 шілдедегі 1402 оң нәтижені таңдап алып есептеуі мүмкін.

Министр вирус жұқтырғандар "карантин енгізілген сәттен бастап 29 пайызға азайды" деді. Демек министр бастапқы дерек ретінде 8 шілдедегі деректі емес, 5 шілдедегі деректі алуы керек еді.

Ал математикалық ережеге сай, қандай да бір көрсеткіштің төмендеуін есептеу үшін бастапқы және соңғы нәтижесі алынады. Демек, 5 және 26 шілдедегі вирус жұқтырғандар санын алсақ, елде індетке шалдыққандардың статистикасында айтарлықтай өзгеріс жоғын байқауға болады.

5 шілдеде 1402 адамнан, ал 26 шілдеде 1403 адамнан вирус табылды. Енді есептеп көрелік.

Үкім: Манипуляция

Бұдан бөлек, ресми статистика негізінде жасалған төмендегі графикадан Қазақстанда 5-26 шілде аралығында коронавирус анықталғандардың санында айтарлықтай өзгеріс жоғын байқауға болады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сай, 29 шілдеге дейін елде 86192 адамнан коронавирус табылған. 56638 адам дерттен айықты. Министрлік 793 адам коронавирустан қайтыс болды дейді. Сарапшылардың көбі Қазақстанда пандемияда көз жұмғандардың статистикасына күдіктенеді. Билік коронавирус жұқтырған 300-ден астам марқұмды "өліміне басқа дерт себеп болды” деп статистикаға қоспай отыр. Бұдан бөлек, елде клиникалық белгілері Covid індетіне ұқсас пневмониядан да қанша адам көз жұмғаны белгісіз. Денсаулық сақтау министрі Цой ұсынған статистикаға сай, елде 1-15 шілдеде 1555 адам пневмониядан қайтыс болған. Ведомство осы деректен кейін елде пневмониядан қайтқандардың статистикасын бермеді.

Ресми статистикаға сай, елде қаңтар мен шілде арасында 234 мыңнан аса пневмонияға шалдыққан. Олардың көбі маусым-шілдеде тіркелген.

Билік 1 тамыздан бастап елде коронавирус жұқтырғандар мен пневмонияға шалдыққандардың статистикасын бөлек-бөлек көрсетіп отырмақ. Министрлік пандемия басталғалы пневмонияға шалдыққандарды тамыздан бастап есептетелін статистикаға қоспайды.

Қазақстан билігі елде коронавирус өршіп кеткен соң 5 шілдеде қайта карантин жариялаған. Бұл карантин 2 тамызда аяқталуы тиіс еді. Бірақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин шараларын тағы екі аптаға созуды тапсырды.

Бұл – Қазақстандағы коронавирусты тоқтату үшін жариялаған екінші карантин. Билік 16 наурыздан 11 мамырға дейін бір рет қатаң карантин енгізген еді. Кейін шектеулер жеңілдей бастаған соң елде коронавирус қайта өршіп кетті. Шілденің басында Тоқаев коронавирустың өршеуіне министрлер мен әкімдерді айыптап, егер екі аптада жағдай реттелмесе үкіметті тарататынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG