Accessibility links

Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады? Жұртты мазалаған сауалдарға жауап


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері "жеткілікті шектен" асқан жағдайда оның бір бөлігін ала алады. Оның тәртібі қандай?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың түсіндіруінше, "жеткілікті шек" – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері. Ол болашақта салымшыны жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Сондықтан салымшының есепшотында белгілі бір мөлшерде қаражаттың болуы шарт. Одан асқан бөлігін алуына рұқсат етіледі. "Жеткілікті шек" салымшының жасына қарай белгіленеді.

Зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алу тәртібі қандай, оны кімдер ала алады, ол үшін қандай шарт қойылады? Азаттық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, осы және өзге сұрақтарға жауап алды.

Зейнетақы қорындағы ақшасын кімдер ала алады?

Салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ есепшотындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге құқылы. Ондай салымшылардың қатарына мыналар кіреді:

БЖЗҚ-дағы жинақ салымы "жеткілікті шектен" асатын, жұмыс істеп жүрген азаматтар (министрліктің есебінше, елде олардың саны 530 мыңға жуық);

бұрынғы табысының (еңбекақы) кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер БЖЗҚ-дағы қаражатының 50 пайызына дейін ала алады (елде 178 мыңнан астам адам бар);

бұған дейін өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін де БҚЖЗ-да салымы қалған азаматтардың ол ақшасын толығымен алуға хақы бар (ондай 13 мыңнан астам адам бар).

Салымшының есепшотында қалуы тиіс "жеткілікті шек" мөлшері қанша? Жас ерекшелігіне байланысты қойылар талап қандай?

Министрліктің алдын ала есебінше, 20 жастағы азамат үшін "жеткілікті шек" – 1 млн 720 мың теңге. Ал осыдан асқан қаражатын ол жоғарыда аталған мақсатқа пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы есепшотынан ала алады.

Өзге жастағы адамдар үшін "жеткілікті шек" мөлшері төмендегідей:

  • 30 жас – 2 млн 538 мың теңге;
  • 35 жас – 2 млн 961 мың теңге;
  • 40 жас – 3 млн 437 мың теңге;
  • 45 жас – 3 млн 947 мың теңге;
  • 50 жас – 4 млн 495 мың теңге;
  • 55 жас – 5 млн 84 мың теңге;
  • 59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың теңге.

"Жеткілікті шек" қандай есепке негізделген?

Әр жастағы азаматтар үшін "жеткілікті шек" мынадай талаптарды ескере отырып бекітілген:

  • азаматты ең төменгі еңбекақы мөлшерінен кем болмайтын айлық зейнетақымен қамтамасыз етуге (инфляцияны есепке ала отырып);
  • өмір бойы зейнетақы төлеуге (азаматтар орташа есеппен 73,2 жыл өмір сүреді деп есептегенде, зейнетке шыққаннан кейін 22 жыл бойы) жететіндей болуы керек;
  • болашақта ең төменгі еңбекақыдан тұрақты (жылына 12 рет) төлеп тұратын зейнетақы жарнасы есепке алынады.

"Жеткілікті шек" азаматтың табысынан (ең төменгі жалақыдан кем емес) БЖЗҚ-ға ай сайын тұрақты түрде аударатын 10% зейнетақы жарнасын ескере отырып, 82 жасқа жеткенге дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен (38 636 теңге) кем болмайтын зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Зейнетақы қорындағы салымның бір бөлігін алу үшін не істеу керек?

БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс, республикалық маңызы бар қаладағы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы уәкілетті операторға (оны үкімет белгілейді) зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтінішін тапсырады.

Салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін (жаңадан салынған я пайдалануда болған үй немесе жер телімін сатып алу, ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру немесе өтеу, өзіне тұрғын үй салу) зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болады. Салымшы зейнетақы жарнасының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқарту үшін алғанда уәкілетті оператор ("Тұрғын үй жинақтаушы банкі") қызметін пайдалана алады.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы БЖЗҚ-ға өтініш береді. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын уәкілетті орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.

БЖЗҚ-дағы қаржының бір бөлігін салымшы туысының қажетіне жұмсай ала ма? Қандай шектеу бар?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін өзі немесе туысының (ата-анасы, бауыры, әпкесі, сіңлісі, қарындасы. т.б.) баспана жағдайын жақсартуға, емдеуге немесе өзге қаржы компанияларына салу үшін пайдалана алады.

"Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу болуы мүмкін: осы қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды", - деді Нұрымбетов.

Оның сөзінше, тиісті нормативтік құжаттар биылғы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. 2021 жылдан бастап Қазақстанда шамамен 700 мыңнан астам азамат БЖЗҚ-дағы жинақтаушы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін жоғарыда аталған қажетіне ала алады деп хабарлады министр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG