Үндістан мен Қытай шекара аумағынан сарбаздарын жылдам әкетуге келісті. Бұған дейін ядролық қаруы бар екі көрші мемлекет арасындағы жанжал әскери қақтығысқа айналуы мүмкін деген қауіп айтылған еді.
11 қыркүйекте Мәскеуде өткен келіссөздан кейін екі елдің сыртқы істер министрлері өзара келісімге келгенін хабарлады.
"Екі елдің сыртқы істер министрлері шекара аумағындағы қазіргі жағдай тараптардың мүддесіне сәйкес келмейді деген тұжырымды құптап отыр. Осыған орай тараптар диалогты жалғастырып, шекара аумағындағы әскерді шұғыл әкетіп, жағдайды ушықтырмай, қажетті дистанцияны сақтауға келісті" делінген екі министрдің ортақ мәлімдемесінде.
Қытай сыртқы істер министрлігі Пекин Үндістанмен дипломатиялық және әскери каналдар арқылы байланыс орнатып, даулы шекара аумағында "бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтіру" шарасын қолға алады деді.
Осы апта басында екі елдің шекара аумағында тағы да жағдай ушығып, тараптар бір-бірін кінәлаған. Қытай сыртқы істер министрлігі Үндістанның әскерилерін шекарадағы сызықты заңсыз кесіп өтті, әдейі ескерту оқ атты деп айыптаған.
Оқи отырыңыз: Қытай мен Үндістан Гималайда не үшін қақтығысып жатыр? 300 сөзбен түсіндіреміз
ПІКІРЛЕР