Минскінің Фрунзе аудандық соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы мен Tut.by порталының фототілшісі Владимир Гридинді "рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны үшін" 11 күнге қамады.
Тағы бір фототілші Александр Васюкович те дәл сонша мерзімге қамалды.
Tut.by сайтының жазуынша, әуелі журналистерді 13 қыркүйекте Романовская Cлобода көшесінде митингіге шықты деп айыптаған. Дәл осы көшеде орналасқан дәмханада Васюкович пен Гридин түсірген суреттерін редакцияға жолдаған. Оларды осы жерден ұстап әкеткен. Ал жаңа хаттамада дәл сондай айып көрсетілгенмен орнын өзгерткен.
13 қыркүйекте Минскіде мыңдаған адам қатысқан кезекті шеру өткен. Наразылар Александр Лукашенко алтыншы мерзімге сайланды деп ресми айтылған президент сайлауының қорытындысына қарсылық білдірді. Олар орталық сайлау комиссиясы жариялаған қорытындыны бұрмаланған деп есептейді.
Беларусь ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Минскіде 400-ден астам адам ұсталған.
Гридин мен Васюковичтің қамалуына байланысты пікірін айтқан Азат Еуропа/Азаттық радиосының президент міндетін атқарушы Дэйзи Синделар сот үкіміне өкініш білдірді. Ол журналистерді кәсіби міндетін атқарғаны үшін жазалағанын атап өтті.
"Бұл үкім – беларусь билігінің тәуелсіз журналистерге жасап жатқан шабуылының бір көрінісі, ақпарат құралдарына сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы шындықты айтуына кедергі жасау талпынысы" деді Дэйзи Синделар.
ПІКІРЛЕР