23 қыркүйекте Алматыда блогер Ермек Тайшыбеков ұсталды. Тайшыбеков - "Қазақстан Ресей құрамына кіруі қажет", "елде орыстілділер дискриминацияға ұшырап жатыр" деген көзқараспен пост жазатын блогер.
Алматы қалалық полиция департаменті 42 жастағы Тайшыбековтің ұсталғанын растады.
"Тайшыбеков Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабының (174-бап) белгілеріне келетін қылмыс жасады деген күдікпен 23 қыркүйекте ұсталған, сол күні кешкі сағат 21.25-те уақытша қамау изоляторына қамалды" деді аты-жөнін атағысы келмеген полиция қызметкері Азаттық тілшісіне.
Ермек Тайшыбековтің бауыры Марлен Тайшыбековтің сөзіне қарағанда, оның қамалуына Youtube-те жарияланған Қазақстан билігінің ұлттық саясатын сынаған сұхбаты себеп болуы мүмкін.
Ресейшіл көзқарастарымен белгілі болған блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсан айында "ұлттық араздықты қоздырды" деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған.
Саяси көзқарастары үшін Тайшыбековті "арандатушы", "Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы адам" деп санайтындар бар. Оның мәлімдемелері Қазақстан парламенті депутаттарының, ұлттық патриоттық қозғалыстардың наразылығын туғызған.
2016 жылғы қаңтарда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Тайшыбековке шығарылған үкімді сынаған.
Тайшыбеков 2017 жылы қазан айында түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан.
ПІКІРЛЕР