Ақтөбеде 25 қыркүйекте митинг орны деп жоспарланған жерде ұсталған белсенді Сағындық Бекеев сегіз тәулікке қамалды. Бұл туралы ақтөбелік белсенділер хабарлады. Ақпаратты Ақтөбе облыстық соты растады.
Соттың мәліметінше, "митингіге қатыспақ болған" Бекеев полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған.
"Бір жыл ішінде бірнеше мәрте әкімшілік құқық бұзушылық жасаған Сағындық Бекеев 26 қыркүйек күнгі сот қаулысымен сегіз тәулікке қамалды" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Белсенді Бекеев сот алдында өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Сот "полицияның әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен бірге Бекеевтің полицияның заңды талабына бағынбағанын дәлелдейтін видео айғақ тапсырғанын" айтады.
Ақтөбеде өтетін билікке қарсы бейбіт митингілерге жиі қатысатын 28 жастағы Сағындық Бекеев биыл сәуір айында "төтенше жағдай режимін бұзды" деген айыппен 10 тәулікке қамалған. Оған дейін белсенді Бекеевті полиция 1 наурыз күнгі билікке қарсы бейбіт митинг кезінде Ақтөбе облысы әкімдігі алдынан ұстап әкеткен еді. Наурыз айында Ақтөбенің әкімшілік соты белсенді Бекеевке бес тәулікке қамаған.
- Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты 25 қыркүйекте митингіге шақырған.
- Митинг күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент және басқа қалаларда Әблязов митинг орны деп жариялаған жерлерде күзет күшейген. Құқық қорғаушылардың сөзінше, митинг алдында белсенділерді аңдып, кейбірін түрлі айыппен бірнеше тәулікке қамаған.
- 25 қыркүйек кешкісін митинг уақытында полиция Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде бірнеше адамды ұстаған. ІІМ митинг күні кейін қанша адам ұсталып, қанша адам жазаланғанын хабарламады.
ПІКІРЛЕР