Саяси өзгеріске бейбіт жолмен жетеміз деп екі ай шерулеткен беларусьтер сайлауға наразы қырғыздардың мақсатына санаулы сағатта жеткеніне куә болды.
4 қазандағы парламент сайлауынан кейін оппозицияның дауысы ұрланды деген ашулы қырғыздар санаулы сағат ішінде парламент ғимаратын басып алып, президент резиденциясына кіріп, мүлкін қиратып, саяси тұтқынға балаған саясаткерлерді түрмеден босатып алды. Көп ұзамай орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің нәтижесін жарамсыз деп тауып, сайлауды қайта өткізу жоспарын жариялады. Ал ел билігі жұрт көзінен таса болды.
Екі ай бұрын сайлауы нәтижесі бұрмаланды деп беларусьтер де наразылыққа шыққан. 9 тамыз күні елде президент сайлауы өтіп, оппозицияның жақтастары көп бола тұра, Александр Лукашенконың президент жарияланытыны анық болғанда, ашулы халық көшеге шығып, қарсылық білдірді. Беларусьтер алғашқы күннен-ақ наразылықтың бейбіт сипатта өтетінін білдіріп, полиция жасақтарына қарсы күш қолданудан бас тартты. Екі ай өтті, шерулер жалғасып жатыр. Александр Лукашенко биліктен бас тартпаймын деп отыр, құпия түрде инаугурация да өткізді. Шерушілерге қарсы аяусыз күш қолданды.
"Олар Қырғызстандағы саяси билікті бір күн ішінде өзгерте алды. Менің ойымша, көптеген беларусь бұған назар аударды. Олар бұл жағдайға таңырқап қарап, ойланып отырған болуы мүмкін" деді Беларусь оппозициясы құрған Координациялық кеңестің мүшесі Павел Латушко "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында.
Көптеген беларусь Қырғызстандағы жағдай туралы расымен де ойлап отырғанын көрсетті. Бірақ бірі қырғыз шерушілерінің жетістігіне қызыға қараса, екіншісі екі ел арасында айырмашылық үлкен деп, зорлық-зомбылықсыз қарсылықты жалғастыра беруге шақырды.
Лукашенкоға қарсы шерулерді анонимді түрде талқылауға арналған Telegram чаттарында кей адамдар ұзақмерзімді қарсылық әдісінің тиімділігін қайта қарап жатыр.
"Минск: қандай адамдар, қандай қала" чат тобының бір қатысушысы осы мәселеге тоқтады.
"60 КҮН ӨТТІ, НЕ ӨЗГЕРДІ?"
"Беларусьтегі революция: КК [Координациялық кеңес], [оппозиция лидері Светлана] Тихановская, Батыстың қолдауы, Nexta, ереуілдер, шерулер, гүлдер, бәліштер және "ақылды" құпия жоспарлар. Нәтиже қандай? [Мемлекет күштері] адам өлтіруін жалғастырып отыр, тоқтаусыз дау-дамаулар. Осының бәріне 60 күн кетті" деп жазды ол.
"Қырғызстандағы революция: халық наразылыққа шықты, бірінші күні-ақ бәрін сілкілеп алды" деп пікірін жалғастырды чат қатысушысы. "Нәтиже қандай? Алты-ақ сағат өтті, полиция соққыны кім жасағанын білмей қалды, президентке таңға дейін шыдай тұру қиындыққа айналды".
"БІЗ ҚЫРҒЫЗСТАН ЕМЕСПІЗ"
Осы чаттағы өзге адамдар пікір иесімен келіспейтінін айтып, қырғыз президенттерінің 2005 және 2010 жылдары екі рет елден қуылғанын атап өтті.
"Қырғызстанда есі кетіп отырғандарға ескерту. Оларда 15 жылдың ішінде үшінші рет төңкеріс болып жатыр. Бұл тәжірибеден сабақ ала алмады. Біздікі – амбициясы басым процесс" деп жазды өзін VP деп атаған чат қатысушысы. Ол Беларусь шерушілерінің ағылшын философы Джон Локк негізін қалаған төзімділік пен дискурсты ұстанатынын айтты. "Біз Локк айтқан жолдамыз. Достар, олар біз туралы кітапты кейінірек жазады. Беларусь жасасын!"
Кеңсесі Польшада орналасқан, Лукашенкоға қарсы наразылық кезінде шерушілердің басты медиасына айналған Nexta каналы Twitter желісінде "Беларусь пен Қырғызстан арасында кішкентай, бірақ шешуші айырмашылық бар" деп жазды.
"Қырғызстанда президент Сооронбай Жээнбеков қауіпсіздік күштеріне оқ атпауды және қан төкпеуді бұйырды" деп жазды Nexta.
Совет Одағының құрамында болған бұл екі елдің өзге де айырмашылықтары бар. Мәселен, билікті кетіру Қырғызстан үшін жаңалық емес. Ел басқару ісіне неше түрлі оппозиция күштері араласып үлгерді. Ал Беларусь отыз жылға жуық Лукашенконың басқаруында болды. Қырғызстанда этникалық тартыс та мықты.
Оппозицияға өткен бұрынғы дипломат және мәдениет министрі Латушко екі елдің ерекше қасиеті туралы пікір білдірді.
Латушко әлеуметтік желіде "Біз, Қырғыздар – жылдам халықпыз" деген жазбаларды көргенін айтты. Ол қырғыздарды зорлықшыл халық деп атаудан аулақ екенін ескерте отырып, бұл сөзді Беларусь үшін "біз, беларусьтер – бейбіт халықпыз" деп өзгерткісі келетінін жеткізді.
"Біздің билікке қайта-қайта айтып отырғанымыз мынау: біз [бейбіт шеруден] ешқашан шаршамаймыз. Келіссөзді бейбіт жүргізу қажет. Қазіргі биліктің елде де, сыртта да легитимдігі жоқ. Бұл жол ешқайда апармайды" деді Латушко.
ПІКІРЛЕР