Қазақстанда 9 қазан күні 102 адамның коронавирусқа тапсырған ПТР тесті оң шықты. Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталғандар саны екінші күн қатарынан 100-ден асып отыр. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясы 107 адамнан анықталған. Мұның алдында науқастар саны 100-ден 4 қыркүйекте асқан.
Тәулік көрсеткіші бойынша, аймақтар көшін Шығыс Қазақстан облысы бастап тұр. Онда бір күнде 20 адамның Covid жұқтырғаны расталған. Кейінгі айларда облыс коронавирус науқастары жөнінен тұрақты түрді бірінші орыннан табылып келеді.
Нұр-Сұлтанда 13, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында 12, Алматы қаласында 10, Павлодар облысында 9 науқастан тіркелген. Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында науқас анықталған жоқ.
Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар саны 108 663 болды. Аурудан жазылып шыққандар саны тәулік ішінде 152 адамға артып, 103 910-ға жетті. Билік дерегі бойынша, елде коронавирустан 1759 адам қайтыс болған. Бұл дерекке вирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген. Оған сондай-ақ вирус жұқтырғаны диагнозы бойынша анықталған коронавирус пневмониясынан қайтыс болғандар да қосылмаған.
Қазақстан 1 тамыздан бері Covid тестімен расталмаған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Пневмонияның бұл түрі 9 қазанған дейін 34 384 адамнан анықталып, оның 364-і қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректі Covid жөніндегі ұлттық статистикаға біріктірмей отыр.
Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы Covid науқастары мен коронавирус пневмония науқастарының санын біріктіріп көрсетіп отыр. Екі санды біріктіргенде науқастар саны 143 мыңнан асады. Бұл вирустың тарауы бастау алған Қытайдың көрсеткішінен 50 мыңнан астам науқасқа көп. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Қытайда коронавирус инфекциясы 90,7 мың адамнан анықталған.
ПІКІРЛЕР