27 қазан күні кешке қарай Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше азаматтық белсендінің үйіне тінту жүргізді. Белсенділер мұны 31 қазанға белгіленген саяси реформа мен саяси-қуғын сүргінді тоқтатуды талап ететін митинг алдындағы қысым деп санайды. Полиция тінтудің сот санкциясына орай өткенін айтады.
Қазақстанның әр қаласындағы белсенділер мен құқық қорғаушылар 31 қазанда митинг өткізуді жоспарлайды. Қазір тек Алматы қаласының әкімдігі ғана құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуовке митингіге рұқсат берген. Ал Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Семей, Петропавл, Нұр-Сұлтанда белсенділер осы күнгі митингіге рұқсат ала алмай жүр.
Азаматтық белсенді Серік Жахиннің Азаттыққа айтуынша, полиция үйін 27 қазан кешкі сағат 7-де тінтіген. Пәтерді тінту шарасына тоғыз полицей қатысып, тағы бірнеше қызметкер мен арнайы жасақ пәтер сыртын күзеткен.
- Сот санкциясы туралы айтқанымен танысуға ешқандай құжат бермеді. Балалардың телефондарын, менің телефонымды, қайтыс болған анамның телефоны мен менің бір ескі блокноттарымды алып кетті. Не іздеп жатқандарын айтпады, - деді ол.
Үйінде тінту болған азаматтық белсенді Алтын Лесбаева полиция өкілдерінің қолында сот санкциясы болмағанын, оны талап еткен соң ғана алып келгендерін айтады. Оның үйінде тінту кешкі сағат он шамасында болған.
- Үнпарақ, Қазақстан туын, тыйым салынған үгіт-насихат қағаздарын іздеді. Таба алған жоқ. Мені Алматы аудандық полиция басқармасына апарып, жауап алған соң босатып жіберді. Түнгі үште үйге келдім, - дейді Алтын Лесбаева.
Бұдан бөлек, полиция 27 қазанда белсенділер – Әлия Жакупова, Әсел Оңланбекызы, Айнұр Мырзалиева мен Асқар Қайырбектің үйін де тінтіген. Әлия Жакупова мен Айнұр Мырзалиеваға "ешқайда кетпеу туралы" ескерту берілген.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова Қылмыстық-проессуалдық кодекске сілтеме жасап, сот санкциясының қашан қабылданғаны жайлы ақпарат беруден бас тартты. Ол азаматтық белсенді Асқар Қайырбекке қатысты істің сот өндірісіне келіп түскенін, бірақ әлі қаралмағанын хабарлады. Істің қай сотта қаралатынын да нақтыламады. Ал Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті полицияның азаматтық белсенділер үйін тінтігенін растап, бәрі сот санкциясымен болғанын атап өтті.
- Нұр-Сұлтанда үйі тінтілген белсенділердің біразы елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы ұйымдастыратын бейбіт жиындарға қатысып жүреді. Қазақстан соты белсенді Серік Жахинді былтыр қазанда "экстремистік ұйым деп танылған ҚДТ жұмысына араласты" деп бір жылға бас бостандығын шектеген. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
- Қазан айының ортасында Алматы қалалық әкімдігі Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов және "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қалада митинг өткізу туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Құқық қорғаушылар митингінің негізгі тақырыбы "саяси реформа жүргізу және саяси себеппен қудалауды тоқтату" екенін хабарлаған. Бейбіт жиынға 500 адам адам қатысады деп жоспарланған.
- Алматы әкімдігі ккі құқық қорғаушыға митингіге мүмкіндік берген соң Қазақстанның әр аймағында белсенділер дәл сол күні митинг өткізуге рұқсат сұраған. Билік рұқсат бермеген кейбір аймақта белсенділер Алматыдағы митингіге қатысуды жоспарлап жатқанын хабарлаған.
- Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы, ҚДТ қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов жақтастарын 31 қазанға жоспарланған митингіге қатысуға шақырған. Қазақстан билігі әдетте қандай да бір наразылық шарасы жоспарланса, ҚДТ жақтастарының үйін тінтіп, аңдып, полицияға шақыртып қысым жасайды.
- Биыл қабылданған "Бейбіт жиын туралы" заңға сәйкес, азаматтар бейбіт митинг өткізу ниеті жайында билікке күні бұрын ескертуі тиіс. Әкімдік шараға рұқсат бермесе, онда ол "заңсыз" саналып, ұйымдастырушылар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Осыған дейін жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалғанын" айтып, өткір сынаған.
ПІКІРЛЕР