Accessibility links

 
"Сенімді жүйесі барлар ғана жеңеді". Kaspi.kz қосымшасындағы ақау нені байқатты?

"Сенімді жүйесі барлар ғана жеңеді". Kaspi.kz қосымшасындағы ақау нені байқатты?


 Kaspi.kz қаржы ұйымының Алматыдағы бөлімшесі. Көрнекі сурет.
Kaspi.kz қаржы ұйымының Алматыдағы бөлімшесі. Көрнекі сурет.

Сарапшылар салымшыларға ақшасын бір банкте сақтамауға, мемлекеттік органдарға болған жағдайдан қорытынды шығаруға, ал компанияның бәсекелестеріне онлайн қызметтерін дамытуға кеңес береді.

28 қазанда қазақстандықтар арасында танымал Kaspi.kz қосымшасы істемей қалды. Жүйедегі "техникалық ақаудың" кесірінен қолданушылар онлайн төлем жасау, зат сатып алу мүмкіндігінен айырылып, тіпті такси қызметіне қарыз болып қалғандар да кездесті.

Kaspi.kz атқарушы директоры Маржан Елшібаева Азаттық сұрақтарына жауап беруден бас тартып, алдын-ала дайындалған мәлімдеме мәтінін жіберумен шектелді. Компанияның әлеуметтік желідегі парақшаларына да жарияланған бұл мәтінде "Kaspi.kz қосымшасындағы барлық қызмет жұмыс істеп тұр. Барлық клиенттің ақшасы орнында, есепшоттар да анық көрінеді. Бастысы – адамдар қосымша қызметін тез арада қайта пайдалана алуы үшін жедел түрде ақауды жою. Арам пиғылды адамдар таратқан жалған хабарламаға назар аудармаңыздар. Біз қашанда клиентімізге кез келген жағдай туралы ашық ақпарат береміз" делінген.

Азаттық сарапшылардан мұндай техникалық ақаудың қаншалықты қауіпті екенін сұрап көрді.

"ХАКЕРЛЕР ТРАНЗАКЦИЯЛАРҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗСЕ, ҚАРАПАЙЫМ ҚОЛДАНУШЫ ОНЫ БІЛМЕС ЕДІ"

– Бақылауым бойынша, бұл кибершабуыл емес, қосымшаны жасаушылар жүйені немесе деректер базасын жаңартып жатқанда техникалық ақау болғанға ұқсайды. Мұны қалыпты нәрсе деуге келмейді, бірақ мұндай жағдай Google немесе Facebook сияқты ірі корпорацияларда да болады. Мүмкін Kaspi-дегідей жиі емес шығар. Kaspi-де екі жыл бұрын дәл осындай мәселе болған, – дейді Қазақстандағы кибершабуылды зерттеу және сараптау орталығының (ЦАРКА) басшысы Олжас Сатиев.

IT-маманның пікірінше, бұл ақауға адам факторы себеп болуы мүмкін.

– Бағдарламаны жаңартып жатқанда, бір жерден қате шыққан. Бәрі ақшасын шешіп алу туралы ойлай бастады. Бұл мәселе жұмыс күні аяқталмай тұрып шешілер деп ойлағанмын, шынымен солай болды. Хакерлік шабуыл кезінде жұрттың шотындағы ақша көлемі өзгермейді. Хакерлер жүйені бұзып, транзакцияларға қол жеткізсе, қарапайым қолданушы оны білмей де қалар еді, – дейді Сатиев.

"БҮГІНГІДЕЙ "БӘРІ ЖАҚСЫ" ДЕГЕН АҚПАРАТ ЖЕТКІЛІКСІЗ"

"Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры, экономист Рахым Ошақбаев Kaspi қосымшасын пайдаланбайтындықтан ешқандай қиындыққа тап болмағанын айтады. Алайда экономист банк пен салалық мемлекеттік органдар бұл жайттан сабақ алып, халық қаржысын жаппай бір қаржы институтында ұстау қауіпті болуы мүмкін екенін ескеруі керек деп есептейді.

– Қаржының шынайы концентрациясын қарау керек. Жоғары болса, жақында президент әкімшілігі жанынан құрылған бәсекені қорғау жөніндегі агенттік реттеуші позициясынан мұндай концентрацияның қаншалықты қауіпті екенін саралап көруі керек, – дейді ол.

Бүгінгідей "бәрі жақсы" деген ақпарат жеткіліксіз. Ал ақау қайталанса не жүйелі сипат алса ше?

Ошақбаев әлемде IT саласындағы алпауыттар нарықтың үлкен бөлігін қолына шоғырландырған кезде билік шектеу енгізу туралы шешім қабылдаған сәттер болғанын айтады.

– Олардың жүйені құраушы компания екенін ескеріп, жағдайды саралап, реакция білдіріп, мұндай ақаудың қаншалықты қауіпті болғанын, оған қандай себептер әсер еткенін қарау керек шығар. Бүгінгідей "бәрі жақсы" деген ақпарат жеткіліксіз. Ал ақау қайталанса не жүйелі сипат алса ше? Бірақ "жаман айтпай, жақсы жоқ" демекші, бұл жағдай банктің ішкі талдау жүргізуіне себеп болуы керек, – дейді экономист.

Ошақбаев қосымшаның нарықтағы басымдығына қарамастан, қауіпсіздік мақсатында бірнеше банк қызметін пайдалануға кеңес береді.

"АЛПАУЫТТАР ДА ҚҰЛАУЫ МҮМКІН"

Қазір алпауыттар да құлауы мүмкін екенін көріп отырмыз. Демек цифрлық дәуірде шағын банктер де ірі компаниялардан озуы мүмкін.

Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржыгер Расул Рысмамбетовтың пікірінше, Kaspi қосымшасында болған ақау басқа банктерге өз қызметін дамытып, жетілдіруге жақсы себеп бола алады.

– Бір банк картасын ғана ұстау – дұрыс емес. Кешегі ақау басқаларға дамуға мүмкіндік пен жаулап алуға болатын аудиториясы бар салалар барын көрсетті. Көп банк "Kaspi-ді қуып жете алмаймыз, сондықтан тасада отыра тұрайық" деп ойлайды. Бірақ қазір алпауыттар да құлауы мүмкін екенін көріп отырмыз. Демек қазіргі цифрлық дәуірде шағын банктер де қаржы аударымы мен ақша шешіп алудың сенімді жүйесін ұсынса, ірі компаниялардан озуы мүмкін. Бәсекелестер мұндай құлдырауға қуануы керек. Мұндай ақаулар қайталанатын болса, бұл оларға жақсы болады, – дейді Расул Рысмамбетов.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қаржыгер жалпы алғанда ұлттық банк жүйесі "сенім туғызбайтынын" айтып, 2021 жылдың жазына дейін "банк саласындағы жағдай нашарлайды" деп болжайды.

– Адамдар несие алуды азайтты. Банктер де қарыз алушыға қолдау білдірмей отыр. Бұл жерде корпоративті сектор туралы айтып отырмын. Жыл соңына қарай және алдағы көктемде банктерде дағдарыс болуы мүмкін. Сондықтан үкімет банктерге көмектесуге дайындалып жатыр деп ойлаймын. Отандық банктердің құлағанын ешкім қаламайды, – дейді Рысмамбетов.

ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ KASPI-АУДАРЫМДАРҒА НЕГЕ ТЫЙЫМ САЛМАҚ БОЛДЫ?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржылық технологиялар мен инновациялар секторының директоры Константин Пак жағдайға оптимизммен қарайды. Оның пікірінше, бұл ақау жүйелі сипат алмайды.

– Бұл – бір реттік құбылыс. Оның жақын уақытта қайталануы екіталай. Оның үстіне ақау бірнеше сағат ішінде жойылды. Бұл – өте жедел атқарылған іс болды. Мұндай қысқамерзімді ақаудан төлем жасауға балама мүмкіндігі жоқ, қосымша жұмыс істемеген 2-3 сағат ішінде шұғыл ақша аударуы керек адамдар ғана зардап шеккен болуы мүмкін, – дейді Константин Пак.

Былтыр қаржы министрлігі халық арасында танымал қосымшаның "мәселесін шешуге" талпынған. Тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасауда жиі қолданылатын қосымшадан салық түспейді. Сол себепті әуелі қосымшаны жауып тастамақ болған министрлік кейін мұның экономикаға кері әсер ететінін түсініп, райынан қайтты.

2019 жылы 8 қарашада үкіметте өткен жиында қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев "Қазір Kaspi Gold арқылы төлем жасау өте кең тараған. Төлем жүйелері туралы заң бойынша бәрі дұрыс болғанымен, салық кодексі тұрғысынан бұл талапқа сай келмейді. Салық қызметіне бұл аударымдар туралы дерек түспейді. Мұндай тетікке тыйым саламыз деп ойлағанбыз, бірақ жалпы алғанда бұл экономикаға нашар әсер етуі мүмкін" деген.

Kaspi.kz компаниясы 2021 жылға дейін салық кодексіне сәйкес келетін шешім ұсыну міндетін мойнына алған.

Ресми дерек бойынша, қазір Kaspi.kz мобильді қосымшасын қолданушы саны жеті миллионнан асады. Қазақстан қор биржасының (KASE) 1 қазандағы дерегінше, Kaspi.kz компаниясы акциясының үштен бірі директорлар кеңесінің басшысы, кәсіпкер Вячеслав Кимге, ширек бөлігіне жуығы грузин кәсіпкер Михаил Ломтадзеге тиесілі. Осы айдың ортасында компания акцияларын Лондон биржасына саудаға (IPO) шығарып, инвесторлардан миллиард долларға жуық қаржы алған. Қазақстанда қызметін жеке тұлғалар ең көп пайдаланатын қаржы ұйымы саналатын Kaspi-дің Лондон биржасындағы саудасына акцияны өзіне сатып алатын жеке инвесторлар (retail investor) қатысқан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG