Accessibility links

Таулы Қарабаққа Ресей бітімгерлерін орналастыру аяқталды


 Ресей бітімгерлерінің әскери көліктері Таулы Қарабақта. 20 қараша, 2020 жыл
Ресей бітімгерлерінің әскери көліктері Таулы Қарабақта. 20 қараша, 2020 жыл

Таулы Қарабаққа Ресей бітімгерлерін орналастыру аяқталды. Бұл жөнінде жұма күні Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдеді. Оның айтуынша, қақтығыс аймағына 15-ші мотоатқыштар бригадасының бөлімшелері жеткізілген. Бітімгерлердің басым бөлігі солардан құралады. "Жалпы 250 әуе рейсі орындалды, 1960 адам мен 552 техника жеткізілді" деді ол Ресей президенті Владимир Путинмен болған кездесуде.

Шойгудың айтуынша, бұған қоса Таулы Қарабақ ауданын Армениямен жалғап жатқан Лачин дәлізі минадан тазартылды, оны енді Ресей әскері күзетеді.

Ресей бітімгерлер контингентінің қолбасшысы Рустам Мурадовтың айтуынша, қақтығыс аймағында атысты тоқтату режимін бұзу немесе қандай да бір арандату фактілері болмаған. "Аздаған майда-шүйде мәселелерді бітімгерлер контингенті оқиға орнында шешіп отырады " деді Мурадов.

Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары қол қойған әскери қақтығысты тоқтату келісімінің шарттары бойынша, Таулы Қарабақ ауданына Ресей бітімгерлері жіберілуі тиіс. Бұл келісімге қол қойылғаны жөнінде 10 қараша күні мәлім болды. Құжат бойынша, екі жақтың түйісу сызығында және Лачин дәлізінде 2 мыңға жуық Ресей әскери қызметкері орналасуы тиіс.

  • Осы аптаның сәрсенбі күні Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесі Таулы Қарабаққа әскер жіберуге келісім берді, бірақ әскерилер аймаққа одан бұрын-ақ келе бастаған.
  • Әзербайжанның Таулы Қарабақ және оған жапсарлас аймақтары 1990 жылдардың басынан бері этникалық армяндардың бақылауында болған. Қыркүйекте Әзербайжан бұл аймақты қайтару үшін әскери операция бастады. Әзербайжан әскері мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының біраз бөлігін, соның ішінде Шуша қаласын және оның маңайындағы аудандарды бақылауына алды. Атыс кезінде екі жақтан мыңдаған адам қаза болды. Олардың арасында әскерилер де, бейбіт тұрғындар да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG