АҚШ-та 21 желтоқсаннан бастап тұрғындарға Moderna компаниясының вакцинасы салына бастайды. Екі күн бұрын елдегі дәрі-дәрмекке жауапты орган Moderna-ны төтенше жағдайда қолдануға рұқсат берген.
Moderna вакцинасы - АҚШ-та мақұлданған екінші вакцина. Өткен аптада тұрғындарға Америка және Германия компаниялары бірігіп әзірлеген Pfizer/BioNTech вакцинасы егіле бастаған еді. Елде коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны артып барады. Дәрігерлер вакцина егілген адамдарда коронавирусқа қарсы иммунитет бірте-бірте қалыптасатынын айтып отыр.
Pfizer-ге қарағанда Moderna вакцинасын тасымалдау оңайырақ болғандықтан билік Moderna-ны көбірек пайдалануға көңіл бөлетінін айтады.
Әлемнің өзге елдерінде де коронавирус жылдам тарап барады. Бірақ мамандар Ұлыбританияда коронавирустың мутацияға ұшырауына ерекше алаңдап отыр. Бірнеше мемлекет 20 желтоқсанда Ұлыбританиямен әуе және темір жол қатынасын үзді.
Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок жексенбі күні "жағдай бақылаудан шықты" деп мәлімдеді. 21 желтоқсанда Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон үкімет жанынан құрылған дағдарыспен күрес комитеті өкілдерімен бірге мәселені талқылайды.
Еуроодаққа төрағалық етіп жатқан Германия да коронавирустың жаңа түріне жиын арнамақ.
ПІКІРЛЕР