Accessibility links

Оралда тәуелсіз бақылаушыны сайлау учаскесінен шығарып жіберді


Сайлауды бақылап отырған байқаушылар. 10 қаңтар 2021 жыл.
Сайлауды бақылап отырған байқаушылар. 10 қаңтар 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында тәуелсіз бақылаушы Орынбай Оқасов сайлау кезінде заңбұзушылықты тіркегеннен кейін өзін сайлау учаскесінен қуып жібергенін хабарлады. Сайлау учаскесінің төрағасы Оқасовтың "карантин ережелерін бұзғанын" айтты.

10 қаңтар таңертеңгі сағат 10-дар шамасында Орынбай Оқасов Орал қаласындағы гуманитарлық колледжде орналасқан №448 сайлау учаскесіне барған. Бірнеше минуттан соң оны сайлау учаскесінен қуып жіберген.

- Бюллетень салатын жәшіктің бір жағы пломбамен бекітілмеген екен, сондай заңбұзушылықты байқағанмын. Соны камераға түсіріп тұрған кезде "санитарлық норманы бұздыңыз" деп менен шығып кетуімді өтінді, - дейді Орынбай Оқасов.

Сайлау учаскесіндегі комиссия төрайымы Зухра Габдуллина тәуелсіз бақылаушының залдан шығарылғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, Оқасов "телефонға түсіріп, қатты сөйлеп", "сайлаудың өтуіне кедергі жасаған".

- Ол (Оқасов) санитарлық норманы бұзды - маскасы мұрыннан төмен түсіп кеткен, залда жүріп, видео түсірді. Әрине, видео түсіруге тыйым салынбаған, бірақ арнайы бөлінген орыннан ғана түсіре алады. Ол залда жүріп, қатты сөйледі, - деді Габдуллина Азаттық тілшісіне.

Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында бірнеше тәуелсіз бақылаушы сайлау учаскелеріне тіркелу кезінде кедергіге ұшырағанын хабарлаған. Орынбай Оқасов пен Болат Бейсенғалиев тәуелсіз бақылаушылар ұйымы жарғысының көшірмесі болса да, сайлау учаскесіне кіре алмағанын айтқан. Олар көк түсті мөрі бар құжат көрсеткеннен кейін ғана кіре алған.

Бұған қоса, аймақта бірнеше тәуелсіз бақылаушы әлеуметтік желідегі аккаунтарының бұзылғанын хабарлады. Facebook, Telegram, Instagram желілеріндегі аккаунттарының бұзылғанын кемінде бес бақылаушы мәлімдеді.

10 қаңтар таңертеңнен бері Қазақстанның түрлі аймақтарынан бақылаушылардың түрлі кедергіге ұшырағаны туралы ақпарат үздіксіз тарап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG