Accessibility links

АҚШ үкіметі Шыңжаңнан келетін мақта және қызанақ өнімдеріне тыйым салады


Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі.
Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі.

АҚШ үкіметі Қытайдың Шыңжаң аймағынан келетін мақта және қызанақ өнімдеріне тыйым салады. Бұл Шыңжаңдағы мұсылмандардың қудалануына байланысты Қытай билігіне қысымын үдетуді көздеген АҚШ билігінің соңғы қадамдарының бірі.

13 қаңтарда кеден және шекараны бақылау қызметі (CBP) АҚШ-тың Қытайға қарсы ең ауқымды кампаниясы аясында елдің барлық порттарында Шыңжаңнан келетін өнімдер "бұғатталады" деп мәлімдеді. Кеден қызметі бұл өнімдерді адам еңбегін қанау арқылы өндірген дейді. Зерттеу барысында атап айтқанда, мойынға қарыз ілу, қозғалысты шектеу, қорқыту, қоқан-лоқы жасау, жалақыны кешіктіру, нашар еңбек жағдайында жұмыс істету сияқты адам құқығына қайшы әрекеттер анықталған.

Трамп әкімшілігі бұған дейін де аймақта адам құқығын өрескел бұзып, табыс табатын жекелеген компаниялардың өнімдерін бұғаттап, қудалау кампаниясына атсалысқан Қытай коммунистік партиясы шенеуніктеріне санкция салған. АҚШ мемлекеттік департаменті ұйғыр, қазақ және Шыңжаңның өзге де байырғы ұлт өкілдері бар 2 миллион адамның Қытайда лагерьлерге жіберілгенін айтқан. Пекин "бұл бағдарлама басқа аймақтарға жіберілген ұйғырларға жаңа мүмкіндік сыйлайды, жұмысшыларға ақша төленеді" деп айтқан. Ал құқық қорғау ұйымдары жұмысшылардың басқа аймаққа мәжбүрлеп жіберілгенін, еңбек құқығы сақталмайтынын айтқан.

2017 жылдан бері Қытайға Шыңжаңдағы концентрациялық лагерьлерге миллионға жуық мұсылманды қамап, азаптады деген айыптаулар айтылып келеді. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған. Құқық қорғаушылар мен лагерьде тұтқында болған адамдар орталықтарда қысым мен азаптау барын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG