Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтар күні парламенттің бірлескен отырысында "саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету керек" екенін атап өтті. Ол 10 қаңтар күнгі мәжіліс және мәслихат сайлауының карантин шектеулеріне қарамастан "тартысты" өткенін атап өтіп, "өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті" деп мәлімдеді. "Адал" мен "Ауылдың" парламентке өтуіне "аз ғана дауыс жетпей қалғанын" айтқан Тоқаев сондай партиялар парламентке келсе, парламенттегі талқылауларды қыздыруға сүбелі үлес қосар еді деп бір тоқтады.
Тоқаев сонымен бірге сайлау бюллетендерінде "бәріне қарсымын" деген жазу (графа) болуы қажеттігін алға тартты.
"Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды, таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?" деді Тоқаев.
Билік жексенбі күні өткен сайлауда "өрескел заңсыздықтар тіркелмеді" десе, көптеген тәуелсіз ұйымдар бақылаушыларды учаскеге кіргізбеу, сайлау учаскесінде жүруіне тыйым салу, дауыс санау ережелерін бұзу сияқты көптеген заңбұзушылықтар болғанын хабарлаған. Сайлау күні кейбір учаскелер Азаттық тілшілерінен негізсіз ПТР-тест талап етіп, учаскелерге кіргізбеді. ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау халықаралық стандарттарға сай өтпеді, шынайы бәсеке болмады деп мәлімдеген.
Қазіргі заңнама бойынша саяси партиялар парламентке өтуі үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауы тиіс. Осыған дейін кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіруді ұсынған. Дегенмен кей сарапшылар терең саяси реформа жүргізбей, "косметикалық сылап-сипаулардан" пайда жоқ деп есептейді.
2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Егер бұрын саяси партия тіркету үшін кемінде 40 мың адамның қолы қажет болса, жаңа өзгертулерге сай енді 20 мың адамның қолы жеткілікті. Сонымен бірге партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттады. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынады.
Жұма күні парламенттің бірлескен отырысы онлайн көрсетілмеді. Отырысты ақпарат құралдары басқа бөлмедегі шағын монитордан бақылады. Президент күзеті қызметкерлері Азаттық тілшісіне журналистер отырған залдан да видео түсіруге тыйым салып, ескерту жасады.
ПІКІРЛЕР