Accessibility links

Ресей Ашық аспан келісімінен шығатынын мәлімдеді


Ресейдің Ил-80 әскери ұшағы. Көрнекі сурет
Ресейдің Ил-80 әскери ұшағы. Көрнекі сурет

Ресей Ашық аспан келісімінен шығу процедурасын бастайтынын мәлімдеді. Қатысушы елдердің бір-бірінің қару-жарағы мен қорғаныс саласындағы мекемелері туралы жария түрде ақпарат жинауына, қарусыз барлау ұшақтарының ұшуына рұқсат беретін бұл келісімнен былтыр Америка Құрама Штаттары шығып кеткен.

15 қаңтарда Ресей сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдеде АҚШ-тың бұл келісімнен шығуы қатысушы елдер мүдделерінің тепе-теңдігіне елеулі әсер еткені, Мәскеудің келісімді сақтау туралы өтінішіне Вашингтонның құлақ аспағаны туралы айтылған.

Америка Құрама Штаттары Ашық аспан келісімінен шығатынын хабарлағаннан алты ай өткен соң, былтыр 22 қарашада өз елінде құжаттың күшін тоқтатқан. Вашингтон Мәскеудің келісімді "өрескел бұзғанын" бірнеше мәрте мәлімдеген. АҚШ-тың бұл қадамы әлемдегі қару-жарақты таратпау ісіне көп зардабын тигізді. Американың биліктен кететін президенті Дональд Трамп "Вашингтонды алдап жатыр, оның әскери әлеуетін әділетсіз түрде шектеп отыр" деп бұл жүйені жиі сынап келген.

Ашық аспан келісімі 2002 жылы күшіне енген. Оның шарттары бойынша, келісімге қол қойған 34 ел әскери күші мен мекемелері туралы ақпарат жинау үшін бір-бірінің аумағына қысқа мерзімге қарусыз ұшақ жібере алады.

Келісімді қолдайтындар бұл құжат елдердің бір-біріне сенімін арттырып, олардың жасырын әскер жұмылдырып жатпағанына, әлдебір елге шабуылдау жоспары жоқ екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG