АҚШ-та жаңа сайланған президент Джо Байденнің қызметке кірісер күні жақындап қалды. Инаугурация қарсаңында жаңа президенттің елдегі шешуші қызметтерге кімді тағайындайтыны қызу талқыланып отыр.
Үміткерлердің дені көптеген жыл мемлекеттік қызметте болған. Олар үкімет жұмысын білетіндіктен, қиындыққа толы өтпелі кезеңде бірден іске кірісе алады.
"Ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясатқа келгенде бізге уақыт жоғалтуға болмайды" деді Байден 24 қарашада лауазымды қызметтерге таңдаған кейбір кандидаттарының есімін жариялап тұрып. "Маған бірінші күннен-ақ Американың төрдегі өз орнын қайтаруға, біз тап болған ең маңызды деген проблемаларды еңсеру үшін әлемді біріктіруге және қауіпсіздігімізді, көркеюіміз бен құндылықтарымызды ілгерілетуге көмектесуге дайын команда керек".
Байден таңдаған кандидаттар оның сайлау алдында үкіметте азшылық өкілдеріне жеткілікті орын беріледі деген уәдесінде тұрғанын көрсетеді.
"Бұлар – дағдарыста шыңдалған аса тәжірибелі, жаңашыл және тапқыр адамдар" деді Байден. "Олардың дипломатиядағы жетістіктеріне тең келер ешкім жоқ. Сонымен қатар бұл таңдау жаңа кезеңнің күрделі проблемаларын ескіше ойлаумен және қатып қалған дағдылармен еңсере алмайтынымызды көрсетеді. Ол үшін түрлі алғышарттар мен көзқарастар қажет. Оларды сол себепті таңдадым".
Енді Байденнің ең маңызды деген лауазымды қызметтерге таңдаған адамдарына қысқаша тоқталайық.
ЭНТОНИ БЛИНКЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ҮМІТКЕР
Бұған дейін Обама әкімшілігінде мемлекеттік хатшының орынбасары болған 58 жастағы Энтони Блинкен мемлекеттік хатшы болудың не екенін жақсы біледі.
Байденнің сенімді адамы саналатын Блинкен сенаттың халықаралық қатынастар комитетінде (2002-2008 жылдары) онымен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген. Кейін Байден Обаманың тұсында вице-президент болып тұрғанында оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған.
Байден секілді Блинкен де АҚШ-тың халықаралық аренадағы қарым-қатынасы маңызды екенін жиі айтады. Ол Трамп әкімшілігі тұсында АҚШ пен оның одақтастары арасында туындаған көптеген қайшылықтарды жоюға көп күш салады деп болжанып отыр.
Жастық шағында көп уақытын Парижде өткізген Блинкен француз тілінде еркін сөйлейді және интернационалист болып есейген. Бұл Трамп әкімшілігі ұстанған "Алдымен – Америка" деген ұстанымға қайшы келеді.
НАТО-ны жақтайтын ол посткеңестік кеңістіктегі геосаяси жағдайлардан жақсы хабардар және Кремльдің басқыншылық саясатына қатысты қатаң позиция ұстанады деген жорамал бар. Ол Ресей Қырымды күшпен аннексиялап алғаннан кейін оған қарсы санкция салуда маңызды рөл атқарды және Украинаға жойқын қару беруге талай мәрте үндеп, онысынан нәтиже шықпаған делінеді.
Блинкен қызмет бабымен көп сапарлайтындықтан, оның отбасына қиын болуы мүмкін. Ол жарымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметін кәмелетке толмаған балалары бар адамның атқармағанына көп болған.
УИЛЬЯМ БЕРНС, ЦРУ ДИРЕКТОРЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ҮМІТКЕР
Егер Байденнің АҚШ-тың сыртқы барлау қызметінің басшылығына ұсынған кандидатурасы мақұлданса, онда арнайы қызметтегі дәстүр бұзылайын деп тұр. Себебі Уильям Бернс ЦРУ-дың барлау қызметінен емес, дипломатиялық қызметтен шыққан алғашқы директоры болмақ.
64 жастағы Бернс республикашыл президент Джордж Буш тұсында АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болған. Ол сонымен қатар Барак Обама әкімшілігі тұсында 2015 жылы Иран мен әлемдік державалар арасында жасалған келісімге бастау болған құпия келіссөздерде жетекші рөл атқарған делінеді. Ол Иранмен арада жасалған тарихи ядролық келісім талаптарын қалпына келтіруді қолдайтынын айтқан. АҚШ аталмыш келісімнен 2018 жылы Трамптың бастамасымен шыққан.
Демократы бар, республикашылы бар, АҚШ-тың барлығы бес президенті тұсында жұмыс істеген Бернс сыртқы саясаттың көптеген негізгі салаларын жетік біледі. Дегенмен, кейбір сарапшылар Бернстің ең әлсіз жағы – оның Қытайға қатысты тәжірибесінің аздығы деп санайды.
Бернсті ЦРУ басшысына таңдаған Байден оны "барлау қызметі саясаттан тыс болуы керек деген көзқарасымды қолдайды" деді.
ДЖЕЙК САЛЛИВАН, ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІ ҚЫЗМЕТІНЕ ҮМІТКЕР
44 жастағы Джейк Салливан кейінгі елу жылдағы ең жас қауіпсіздік кеңесшісі атанбақ.
Бірақ жастығына қарамастан, ол сыртқы саясат бойынша тәжірибелі маман саналады. Ол Байден Обама әкімшілігі тұсында вице-президент болған кезінде оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. Сондықтан ол Байден әкімшілігіндегі міндеттеріне бірден кірісе алмақ. Ол сонымен қатар Хиллари Клинтон Обама тұсында мемлекеттік хатшы болып тұрғанында оның саясатты жоспарлау бөлімін басқарып, ең жақын стратегиялық серіктестерінің бірі болған.
Салливан Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Блинкенмен жақын қарым-қатынас орнатқандықтан, екеуі бірқатар мәселелер бойынша ынтымақтаса жұмыс істейді делінеді.
Салливан мемлекеттік хатшылыққа ұсынылған Блинкен сияқты АҚШ-тың одақтастарымен Трамп әкімшілігі кезінде туындаған дүрдараз қарым-қатынасын дұрыстауға ұмтылады деген сенім бар. Ол сонымен қатар ядролық келісімге қайта қосылу және Тегеранды өзіне алған міндеттемелерін қайтадан орындату арқылы "Иран мәселесін жапқысы" келетінін айтқан.
Ол сонымен қатар Қытай мен коронавирус пандемиясына да назар аударатынын айтты. Оның сөзінше, пандемиямен күрес "қоғамдық денсаулық сақтау саласын үнемі ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыты етуге" түрткі болуы тиіс.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші сенаттың мақұлдауынсыз-ақ тағайындалатындықтан, Салливан қызметіне 20 қаңтарда Байденді ұлықтау рәсімінен кейін бірден кіріседі деп күтіліп отыр.
ЛЛОЙД ОСТИН, ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ ҚЫЗМЕТІНЕ ҮМІТКЕР
АҚШ армиясында 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен адам ретінде отставкадағы (төрт жұлдызды) генерал Ллойд Остин қорғаныс министрі қызметіне мол тәжірибемен келмек. Ол кезінде АҚШ-тың Ирактағы қарулы күштерінің санын азайтып, Ауғанстандағы контингентті ұлғайту миссиясына басшылық еткен, "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымынан төнген қауіп-қатерге жауап қайтару миссиясын басқарған.
Кейбір ақпарат бойынша, Байден Остиннің Обама әкімшілігі тұсында қарулы күштердің орталық қолбасшылығын басқаруына риза болған. Остинді қорғаныс министрі қызметіне ұсына отырып Байден "тәжірибелі сарбаздың машығы мен стратегиясын ескеріп қана қоймайтынын", сонымен қатар АҚШ армиясын "мемлекеттің абыройын асқақтатқан және ең алдымен өз халқын ойлайтын қайраткер ретінде қызмет еткен" адамға табыстайтынын айтты.
Егер оның кандидатурасы мақұлданса, 67 жастағы Остин қорғаныс министрі болып тағайындалған алғашқы афроамерикалық атанбақ. Алайда қорғаныс министрі болып тағайындалу үшін кандидат кемінде жеті жыл әскери салада қызмет етпеген болуы тиіс. Остин болса зейнетке 2016 жылы шыққан. Дегенмен Конгрестің бұл ережені еңсеруге құқығы бар. Бұған дейін Конгресс екі рет – 2017 жылы Джеймс Мэттисті және 1950 жыл Джордж Маршаллды мақұлдау кезінде аталған ережені еңсерген.
ЛИНДА ТОМАС-ГРИНФИЛД, АҚШ-тың БҰҰ-дағы ЕЛШІСІ ҚЫЗМЕТІНЕ ҮМІТКЕР
68 жастағы Линда Томас-Гринфилд – АҚШ-тың сыртқы саясат қызметінде 35 жылдай уақыт жұмыс істеген дипломат. 2017 жылы ол Трамптың мемлекеттік департаменттегі тазалау науқаны кезінде қызметінен босатылған.
Осыдан кейін ол бұрынғы мемлекеттік хатшы Мадлен Олбрайт басқаратын ғаламдық стратегиялық компанияда басшылық қызмет атқарды және қарашада Байден сайланғаннан бері оның уақытша командасында жұмыс істеді.
Сонымен қатар ол бір кездері АҚШ-тың Либериядағы елшісі болған және Пәкістан, Кения мен Ямайка сияқты елдерге іссапармен барған. Линда Томас-Гринфилд АҚШ-тың Африкадағы негізгі дипломаты болып бірнеше жыл жұмыс істеді, мемлекеттік департаменттің тұрғын халық, босқындар ісі және миграция жөніндегі бюросында лауазымды қызмет атқарды.
Оның халықаралық қатынастар саласындағы білім-білігі БҰҰ-дағы қызметін жақсы атқаруына септескенімен, оған бұл дипломатиялық ортаға үйренісу оңай болса керек. Себебі ол бұған дейін БҰҰ-дағы АҚШ өкілдігінде Швейцарияда жұмыс істеген.
Томас-Гринфилдтің тағайындалуы Байденнің өз әкімшілігін барынша әралуан етемін деген уәдесін орындау деп қабылданып отыр. Бұрын ол АҚШ-тың оңтүстігіндегі оқшауланып қалған қалашықта өткен өмірі, афроамерикалық бала болып қалай өскені туралы асқан шешендікпен сөз сөйлеген. Ол БҰҰ-дағы елші болу туралы ұсынысқа пікір білдіргенде бірінші анасын еске алған.
МЕРРИК ГАРЛАНД, БАС ПРОКУРОР ҚЫЗМЕТІНЕ ҮМІТКЕР
Меррик Гарландты әуелде Барак Обама 2016 жылы жоғарғы сот төрағасы Антонина Скалианың орнына ұсынған еді. Бірақ федералдық апелляциялық сотта ұзақ жыл қызмет еткеніне және беделді болғанына қарамастан республикашылдар бақылайтын сенат оны мақұлдамай қойған.
Ол сонымен қатар әділет министрлігінде федералдық прокурор ретінде қызмет етіп, зор тәжірибе жинаған. Ол Оклохома-Сити қаласында жойқын жарылыс жасаған Тимоти Маквейдің және Вашингтонның бұрынғы мэрі Мэрион Барридің есірткіге қатысты соттарына қатысқан.
Конгресс мақұлдаса, ол қоластындағы қызметкерлерін жиі мұқатып жүретін әділет министрі Уильям Баррдың орнын баспақ (АҚШ-та Бас прокурор әділет министрлігін де басқарады – ред).
Оның әділет министрлігіндегі беделі құқық қорғау органдарының моральдық деңгейін көтереді деген болжам бар. Ал абыройына дақ түспегендіктен кейде өзіне дейінгілерге тағылған "саяси ықпалға ұшыраған" деген айыпты жоққа шығаруы ықтимал.
Сайлауалды кампаниясында Байден сот жүйесіндегі нәсілдік алауыздықтарды тоқтатуға уәде берген. Бұл мақсатта ол федералдық (штаттардағы) өлім жазасын жою, әділет министрлігінің полиция басқармаларын кез-келген теріс әрекеті үшін жауапқа тартуын қадағалау сияқты бірқатар шаралар ұсынған. Қаңтардың басында Джорджияда сенат сайлауының екінші кезеңінде демократтар күтпеген жерден жеңіске жетіп, Байден Конгрестің қос палатасына бақылау орнататын болды. Демек, Гарландқа Байденнің сот жүйесінде алға қойған жоспарларын іске асыруға жан-жақты мүмкіндік туады деген сөз.
Прогрессившілдер Гарландқа тым қатты сенім артпағаны жөн. Себебі оның сот қызметіндегі жұмыстарын зерттегендер оның әсіресе қылмыстық істерде консерватизмге бүйрегі бұратынын көрсетеді.
ПІКІРЛЕР