Accessibility links

"Нұр Отаннан" қуылып, бөлек партия құруға тырысқан Әлтаев "балама үкімет" жобасын таныстырды


Нұржан Әлтаев "балама үкімет" жобасын таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2021 жыл.
Нұржан Әлтаев "балама үкімет" жобасын таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2021 жыл.

Былтыр жыл соңында мәжіліс депутатының мандаттығынан айырылып, "Нұр Отаннан" шығарылған тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев 21 қаңтарда "балама үкімет" құратынын мәлімдеді.

"Балама үкіметтің мақсаты - қазіргі үкіметтің жұмысын қадағалап, қажет кезінде сынап, балама ұсыныстар жолдап отыру. Бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние. Германия, Канада, Австралия, Ұлыбританияда бар. Ұлыбританияда мемлекеттің өзі оны қаржыландырады" деді Әлтаев.

Ол жаңадан жасақталған парламентте билікке балама пікір айтатын шынайы оппозициялық күштер жоғын алға тартып, парламентке өткен "Ақ жол" мен "Қазақстанның халық партиясын" "Нұр Отан бөлімшелері" деп атады. "Былтыр індетпен күресте сәтсіздікке ұшырап, ел экономикасын тығырыққа тіреген үкімет өз орнында қалды, енді бұдан да көп жылдамдықпен артқа құлдилаймыз" деген Әлтаев осындай күрделі кезеңде "балама үкіметтің" ауадай қажеттігін атап өтті.

"Мысалы, қазір қоғамда "Отбасындағы зорлық-зомбылық" туралы заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Қазақстан халқы іс жүзінде бұл жобаға қарсы. Бірақ ол қалай өтіп кетті? Неге мұны ешкім байқамай қалған? Себебі, бізде заң жобасын талқылап, кемшіліктерін көрсететін балама министрлер жоқ. Біз құратын балама министрлер ведомстволық нормативтік актілер, заң жобаларын талқылап, үкімет мүшелеріне балама ұсыныс жолдап, қажет жағдайда сынайды" деді Әлтаев.

Ол 30 күн ішінде "халықтық кабинет" жасақталатынын айтып, оған барлық азаматтар, тіркелген-тіркелмеген партиялар, ұйымдар қатыса алатынын жеткізді. Олар өз кандидаттарын да ұсына алады.

Журналистер сұрақтарына жауап берген Әлтаев дегенмен "балама үкіметті қаржыландыру" мәселесі туралы айтпады.

Осыдан 9 жыл бұрын Қазақстанда саяси тақырыптар қызу талқыланатын Facebook желісі танымал бола бастағанда бірқатар белсенділер үкіметке балама болатын "азаматтық үкімет" жобасын бастаған. Кейінірек бастама жалғаспай қалды.

6 қаңтарда "Ел тірегі" партиясын құру туралы бастамашыл топ әділет министрлігіне барып, жаңа саяси партия құру туралы ескертуін тапсырған. Бірақ министрлік оны қабылдамаған. Әлтаевтың айтуынша, қазан айынан бері үш рет ескерту берілгенмен министрлік "қайтыс болған адамдардың аты-жөні бар" деп қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG