Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбековтің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева Жээнбековтің Сауд Арабиясына қажылыққа кеткенін хабарлады. Осылайша Стамалиева Жээнбековтің елден "қашып кеткені" туралы сыбысты жоққа шығарған.
Толгонай Стамалиеваның айтуынша, Жээнбеков жұбайымен Бішкектен Стамбулға қарай ұшқан. Онан әрі Сауд Арабиясына барады. Стамалиева бұл сапардың 2020 жылдың қараша айынан бері жоспарланғанын, індетке байланысты шегеріліп келгенін хабарлады. Оның сөзіне қарағанда бұрынғы президент 10 күннен кейін қажылықтан қайтады.
2 ақпанда түстен кейін 24.kg сайты экс-президенттің отбасымен елден кеткенін хабарлаған. Бұдан соң әлеуметтік желіде Жээнбековтің Қырғызстаннан "қашып кеткені" туралы сыбыс тараған.
Дәл осы күні Қырғызстан бас прокуратурасы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет пен ішкі істер министрлігінен Жээнбековті 2020 жылғы қазан оқиғасы үшін жауапқа тартуды сұраған еді. Ақпаратқа қарағанда, қазан оқиғасынан зардап шеккендер "Қырғыз үміті" атты қозғалыс құрып, митингіге келген азаматтарды қууға бұйрық берген бұрынғы президент Сооронбай Жээнбековті жауапқа тарту туралы құзырлы органдарға шағым түсірген. Олар Жээнбековті бұрынғы президент мәртебесінен айыруды талап еткен.
2020 жылы 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өткен. 5 қазанда сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген саяси партия жақтастары митингіге шығып, соңы қақтығысқа ұласқан.
Қақтығыс кезінде наразылар да, милиция қызметкерлері де жараланды. Ресми ақпарат бойынша, мыңнан астам адамға медициналық көмек берілген. 19 жастағы Умутбек Алтынбек жарақаттан қайтыс болды. Резеңке оқ тиіп, көзінен айырылғандар да бар.
Саяси дағдарыстың салдарынан Сооронбай Жээнбеков қызметінен кеткен.
ПІКІРЛЕР