Accessibility links

Тоқаев саяси реформаны сынайтындар "мәселеге үстірт қарайды" деп санайды


Ұлттық сенім кеңесінің отырысын монитордан бақылап отырған ақпарат құралдары. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2021 жыл.
Ұлттық сенім кеңесінің отырысын монитордан бақылап отырған ақпарат құралдары. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2021 жыл.

25 ақпанда Нұр-Сұлтанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформалар туралы "беделді сарапшылар оң пікір айтып жатыр", ал оны сынаушылар "мәселеге үстірт қарайды" деп мәлімдеді.

- Менің бірқатар шетелдік әріптестерім және беделді сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы оң пікір айтып жатыр. Олар саяси жаңғырудың сан қырлы өзгеріс екенін түсінеді. Ал сынайтындар көбіне мәселеге үстірт қарайды немесе жағдайымыздың ерекшелігін әдейі түсінгісі келмейді. Ұстанымымыз айқын. Барлық мәселелерді диалог арқылы шешеміз. Мен осы мәселеге айрықша мән беріп отырмын. Реформаларды біреуге ұнау үшін немесе біреуге есеп беру үшін жүргізіп отырған жоқпыз. Реформаларды ешкімге жалтақтамай ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат - еліміздің әлеуетін нығайту, - деді президент.

2019 жылы президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған Тоқаев елде саяси реформа жүргізуге уәде беріп, былтыр елде соның бір қадамы ретінде бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдар қабылданған. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар, халықаралық сарапшылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынаған еді.

Жақында 11 ақпанда Қазақстандағы адам құқығы ахуалы талқыланған Еуропарламент отырысында елде саяси реформаның баяу жүзеге асырылып жатқаны өткір сыналған еді. Атап айтқанда, 10 қаңтар күнгі парламент сайлауының халықаралық стандартқа сай өтпегені, елде пікірін ашық айтқысы келген, бейбіт жиналу құқығын пайдаланған азаматтардың ұсталып, жазалануы, белсенділердің қудалануы, бейбіт оппозициялық ұйымдарға тыйым салынуы айтылды.

Осы аптада кейбір жергілікті белсенділер "саяси бәсекеге жол бермей, белсенділерді қудалағаны үшін" халықаралық ұйымдардан Нұр-Сұлтанға санкция салуды сұрайтынын мәлімдеген.

2019 жылы халықтың билікке деген наразылығы өршіп тұрған тұста Тоқаев билік пен қоғам арасында диалог орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған. Кеңеске 40-тан астам адам мүше. Бұған дейін кеңестің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан кейбір мүшелері кеңес құрамынан шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG