Нұр-Сұлтанда "оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесінің" отырысы өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған қоғам белсендісі, саясаткер жиналған. Кейбір белсенділер мен саясаткерлер жиынға онлайн қосылды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиында кеңестің "оппозициялық" деген атқа сай келетіндігі-келмейтіндігі мәселесі де талқыланған.
Жиынға зуммен қосылған қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы жиынды ұйымдастырушылардың бірі "Нұр Отаннан" қуылған саясаткер Нұржан Әлтаевты сынап, оның билікке шын оппонент екеніне күмән келтіріп, кеңестің құрамына қосылмайтынын айтты. Рысбек Сәрсенбайұлы Әлтаевты сынай бастаған кезде залдан оны "өшіріңдер" дегендер де табылған.
– Өте дүдәмал нәрсе. Бұл [экс-президенттің күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі] Тимур Құлыбаевтың ертеңгі күні билікке талас кезіндегі болашақ партиясының негізін қалап, соны танымал ету үшін соның төңірегіне аңғал азаматтарды тарту үшін керек сияқты көрінеді де тұрады. Бірақ қателесуім де мүмкін, – деді ол.
Шараның модераторы Қайырлы Омар "жиынды Әлтаев емес, бірігіп ұйымдастырып отырмыз" деді. Ал Нұржан Әлтаев "тәуелсіздікке қауіп төніп тұрған және экономика құлдырап бара жатқан кезде оппозиция бір-бірін жамандамай, бірігуге тиіс" деді.
– Оппозицияға келгеніме көп болған жоқ. Осы уақыт аралығында оппозициялық партия өкілдерімен, белсенділермен кездестім. Сондағы байқағаным, барлығы бір-бірін жамандап, бір-бірін арандатушы дейді, ананы сұрасаң "өй, ол КНБ өкілі, мынау Ақорданың жобасы" деп барлығы бір-бірін жамандайды. Бұдан тек билік ұтады, - деді ол.
Кеңес жұмысы және "оппозицияны біріктіру" мәселесіне қатысты қатысушылар түрлі пікір айтты. Қазір Украинада тұрып жатқан саясаткер Ермек Нарымбаев "күн тәртібіне ірі мәселе шығармай, әншейін бірігу үшін бірігу" – бекершілік деді. Белсенді Болатбек Біләлов әуелі кеңестің мақсатын айқындап алған дұрыс, одан кейін тиісінше нақты мәселелерді шешуге тырысу керек деген ұсыныс айтты.
Жиынға көп балалы аналар белсендісі Феруза Сапар, белсенді, ғалым Есенғазы Қуандық, өздерін "шынайы оппозициялық партия" деп атайтын ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов, саясаткер Уәлихан Қайсар, белсенді Санавар Закирова және өзге де азаматтар шақырылған. Бірақ олардың кейбірі келмеген. Форумға шетелде тұратын бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин, тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамай да шақырылғанмен келмеген.
Жиынға қатысушылар кеңестің алдағы отырыстарында жер, Қытайдың 56 зауытын салдырмау, Қытайдағы қазақтардың жағдайы, саяси тұтқындар, көп балалы аналар, саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізу сияқты мәселелерді талқылайтын болып келісті.
ПІКІРЛЕР