АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис нәсілі азиялық АҚШ азаматтарына қарсы зорлық-зомбылық пен алалауды айыптады. Жұма, 19 наурыз күні ол екеуі Джорджия штатындағы Атланта қаласына сапарлады. Ол жерде апта басында 8 кісі өлтірілген. Оның алтауы – нәсілі азиялық әйел.
16 наурыз күні Атланта қаласындағы үш массаж салонына барып, оқ жаудырған. Күдікті ретінде 21 жастағы Роберт Аарон Лонг дейтін жергілікті тұрғын ұсталған.
Полиция әзірге кісі өлтірудің нәсілшілдікке қатысы бар деген қорытындыға келе қоймады. Алайда "Америка дауысы" радиосының хабарлауынша, бұл оқиға нәсілі азиялық АҚШ азаматтары арасында дүрбелең тудырды. Олардың көбі кейінгі уақытта күшейген алалау мен жеккөрушілікке тап болған.
Байден мен Харрис азиялық қауымдастық өкілдерімен кездесіп, оларды жұбатуға тырысты.
"Америкада нәсілшілдік негізіндегі жеккөрушілікке жол жоқ. Бәріміз оған нүкте қоюымыз керек" деді Байден кездесуден кейін.
Коронавирус індеті пайда болғалы нәсілі азиялық АҚШ азаматтарына қарсы шабуылдар күшейді. Шабуыл жасаушылар коронавирустың тарауына Қытай мен қытайлықтар жауапты дейді. Нәсілдік алалауға өзге де азиялық ұлттардың өкілдері де тап болып отыр.
"Сөздің салдары бар" деп жазды Байден Twitter желісінде. "Оның аты – коронавирус. Болды".
Байден бұл сөзімен алдыңғы президент Дональд Трампты меңзеді. Ол коронавирусты "Қытай вирусы" деп жиі атайтын.
ПІКІРЛЕР