Accessibility links

Шығыс Иерусалимде болған қақтығыстан 200 адам жапа шекті


Шығыс Иерусалим. 7 мамыр, 2021 жыл.
Шығыс Иерусалим. 7 мамыр, 2021 жыл.

Шығыс Иерусалимде наразылық білдірген палестиндіктер мен Израиль күштері арасында қақтығыс болып, соның салдарынан 200-ден астам адам жапа шекті. Араб кварталдарының тұрғындары мен полиция арасындағы қақтығыс бірнеше күннен бері толастамай, күн өткен сайын ушығып барады.

Бұған дүйсенбі – 10 мамырда өтетін Израиль Жоғарғы сотының отырысы себеп. Сотта бірнеше палестин отбасын үйлерінен шығарып, олардың мүлкін израильдіктерге беру мәселесі қаралады.

Бұған дейін төмен деңгейдегі соттар арабтар қоныстанған Шейх-Жаррах ауданындағы палестин отбасыларының үйлері онда 1948 жылға дейін тұрған еврейлерге қайтарылуы тиіс деген шешім шығарған. Сол жылы Иерусалимнің шығыс бөлігін Трансиордания әмірлігінің әскері басып алып, еврейлер қаланың бұл ауданынан кетуге мәжбүр болған.

Палестиндіктер бұл үйлерді Иордан билігінен алғанын, сондықтан ол мүлікке толық құқы бар екенін айтады. Ал мүлікті қайтару шешімін олар Израильдің жергілікті ұлт өкілдерінің орнын еврейлермен ауыстыру бағдарламасының бір бөлігі деп есептейді.

АҚШ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы екі тарапты сабырға шақырды. Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббас осы оқиғаға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді сұрады.

Тәртіпсіздікті тоқтату үшін полиция Исламның үшінші қасиетті орны саналатын әл-Ақса мешіті тұрған аймаққа мұсылмандардың өтуіне шектеу қойды. Израиль қорғаныс армиясының басшылығы мен "Шабак" қарсы барлау қызметі елдің басқа аумақтарында және Газа секторында қақтығыс болмауы үшін үкіметтен Иерусалимдегі шиеленісті басуды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG