Accessibility links

Израиль-палестиналықтар қақтығысы: Байден Нетаньяхуға қолдау білдірді


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху (оң жақта) АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Джо Байденді құшақтап қарсы алып тұр, 9 наурыз 2016 жыл.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху (оң жақта) АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Джо Байденді құшақтап қарсы алып тұр, 9 наурыз 2016 жыл.

Байден Израильді қолдайды, ал Израиль премьер-министрі ХАМАС тобына шабуылдай беруге уәде берді.

ХАМАС тобы 13 мамырда таңертең Тель-Авив пен Израильдің өзге аумақтарына қарай жүздеген зымыран ұшырды. Өз кезегінде Израиль Газаға тағы да соққы жасайтынын айтты. Халықаралық қауымдастық тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырды.

АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон әңгімеде Израильді қолдайтынын білдірді. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі жариялаған коммюникеде айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, Джо Байден Иерусалим, Тель-Авив және Израильдің өзге қалаларына жасалған зымыран шабуылын айыптаған. Президент Изриальдің қауіпсіздігі мен оның өз халқын қорғауға ұмтылысын қолдай беретінін жеткізген.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, Байден сонымен бірге АҚШ-тың аймақтағы тыныштықты қолдайтынын жеткізген. Оның пікірінше, әлемдегі дінге берік азаматтар үшін ірі маңызға ие Иерусалим қаласы бейбітшілік ордасы болуы тиіс. Джо Байден Нетаньяхуды аймақтағы елдер оның ішінде, Египет, Иордания, Катар сонымен бірге Палестина тарабымен өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанынан да хабардар еткен.

Ақ үйдің хабарлауынша, екі ел басшысы өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға келіскен. Одан бөлек, алдағы күндері ахуалдың дамуына орай барлық мәселе бойынша жеке байланыс орнатуға уағдаласқан.

Бұған дейін Нетаньяху Израильдің ХАМАС пен өзге де палестиналық содырларға соққысы шабуылдың "басы ғана" деп мәлімдеген. ХАМАС та күресті тоқтатпайтынын білдірген.

Анклавтың денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аймақта жағдай ушыққалы бері (яғни, 10 мамырдан бері) Газада кемінде 56 палестиналық қаза болған. Олардың арасында 14 бала бар. Министрліктің мәліметінше, Израильде жеті адам қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG