Accessibility links

Полиция Қытай консулдығы алдында наразылық жасағандарды тағы ұстап әкетті. Сот өтіп жатыр


Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды қайтаруды талап еткен топты полиция консулдыққа өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды қайтаруды талап еткен топты полиция консулдыққа өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.

Алматыда Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа 100 күн толған күні полиция бірнеше наразыны тағы ұстап әкетті. Бұл туралы оқиғадан хабардар азаматтардың бірі Алтынай Арасанқызы Азаттық тілшісіне хабарлады. Полиция әзірге жауап бермеді. Белсенділердің телефондары сөніп тұр.

Алтынай Арасанқызының сөзіне қарағанда, 8 адам: Байболат Күнболатұлы, Гүлпия Қазыбек, Қалида Ақытқан, Гүлбаран Өмірлік, Нұрзат Ермекбай, Гүлнұр Қосдәулет, Жәмила Мәкен және Ақиқат Қалиолланы полиция наразылық орнынан ұстап әкеткен. Кейінірек олар өздерінің Медеу аудандық сотында отырғанын, телефондарын тартып алғанын хабарлаған.

18 мамыр кешке қарай олар үстінен хаттама толтырылып, соты өтіп жатқаны хабарланды. Азаттық тілшісі әзірге тараптардан жауап ала алмады.

Алматыда Қытай консулдығы алдында бір топ адам ақпаннан бері наразылық өткізіп, Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында олардың алдына консулдықтан ешкім шықпаған.

Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.

Өткен аптада Алматы соты наразылыққа қатысып жүрген 8 адамды әкімшілік жауапқа тартқан еді. Сот оларды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп кінәлі деп таныған. Ал наразылар әкімдікке митинг өткізу туралы өтініш берсе де, рұқсат ала алмағанын алға тартқан. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салған азаматтарға араша түсіп, "бейбіт жиын өткізгені үшін" қамамау қажеттігін атап өткен.

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG