Accessibility links

Роман Протасевич кім? Беларусь билігі оның соңына неге түсті?


Журналист Роман Протасевич биліктің қысымынан кейін 2019 жылы Беларусьтен кетіп қалған.
Журналист Роман Протасевич биліктің қысымынан кейін 2019 жылы Беларусьтен кетіп қалған.

Былтыр оппозициялық журналист Роман Протасевичті қамауға алуға бұйрық берген Беларусь билігі 23 мамырда Афинадан Вильнюске бара жатқан жолаушы ұшағын Минскіге мәжбүрлеп қондырып, ұшақтағы журналисті алып қалды. Биліктің бұл әрекетіне таңдана қоймаған журналист қасындағы жолаушыларға "Мені мұнда өлім жазасы күтіп тұр" деген.

Былтыр Беларусь билігі "танымал Telegram-арна арқылы үкіметке қарсы жаппай наразылықтарды ұйымдастырғаны үшін" тәуелсіз журналист Роман Протасевичті қамауға алуға бұйрық берген еді. Мұны естіген журналист биліктің "өзгеше ойлайтындарды" басу үшін қандай әрекетке баратынын ойламаған да болар.

"Өзгеше пікір білдіргендердің өзін түрмеге отырғызып жатқанда, ең ірі БАҚ туралы не айтуға болады?" деген еді былтыр Nexta-Live арнасының экс-редакторы.

23 МАМЫРДА НЕ БОЛДЫ?

23 мамырда Беларусь арнайы қызметі Литваға бағыт алған жолаушы ұшағына "бомба қойылды" деп алдап, Роман Протасевич отырған коммерциялық ұшақты Минскіге қонуға мәжбүрледі. Ұшақтағы жолаушылар сол кезде 26 жастағы журналистің жүзінде үрей болғанын айтады.

Аты-жөнін атамаған бір жолаушының Латвияның Delfi сайтына айтуынша, ұшақ Минскіге қонғаннан кейін арнайы жасақ Роман Протасевичті бірден ұстап, жүгін тінтіген.

– "Не болып жатыр?" деп сұрағанымызда, үрейленген Роман Протасевич "Мені мұнда өлім жазасы күтіп тұр" деп айтты, – дейді жолаушы.

Беларусь режимі журналист Протасевичті қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

NEXTA-LIVE ҚАНДАЙ КАНАЛ?

2020 жылы Еуропарламенттің "Ой еркіндігі үшін" берілетін Сахаров сыйлығын алғандардың бірі, блогер, цифрлық революционер Роман Протасевич Беларусь билігін ашуландыратындай не жазып қойды?

Роман Протасевич – Nexta-Live жаңалықтар арнасының негізін қалағандардың әрі редакторларының бірі болды. Беларусь туралы хабар тарататын бұл арна сенімді ақпарат көзі ретінде бедел жинап, авторитар үкіметтің ашу-ызасын туғызған.

Арнаның әйгілі репортаждары көбіне үкіметтің маңайындағылар жасырын ұсынған эксклюзив материалдарға, Александр Лукашенко режимінің шектен асқан қаталдығын әшкерелейтін бейнероликтерге негізделетін. Ал 9 тамызда өткен президент сайлауынан кейін канал Беларусь саясаты туралы хабар тарататын ақпарат көзіне айналды.

Былтыр Александр Лукашенко алтыншы рет президент сайлауына түсіп, ресми қорытынды бойынша жеңімпаз деп танылғанда, сайлаушылар дауысы ұрланғанын айтқан жұрт наразылық білдіруден тайынбады және бұған үкімет қойған тосқауылды айналып өту үшін Telegram желісін пайдаланған Nexta ұсынған ақпараттың әсері көп болды.

Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.
Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.

Беларусьте жаппай наразылық күшейгенде Nexta шерушілерге кездесу орны мен уақыты, полициядан қалай қашу және қарсы тұру керегі жайлы ұсыныс-кеңестер беріп, тіпті жол қозғалысының қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу туралы нұсқаулық жариялап отырды.

Беларусь билігі наразыларды қудалап, ондаған мың адамды қамауға алды. Ал Nexta арнасының арқасында полицейлердің адам айтқысыз зорлық-зомбылығын көпшілік білді.

Полиция мемлекеттік медиада жұмыс істемейтін журналистерді де қамап, оларға күш көрсете бастады.

"ӨЗГЕШЕ ОЙЛАУДЫҢ КЕЗ КЕЛГЕН ТҮРІ – ҚЫЛМЫС"

Биліктің қысымынан қашқан Роман Протасевич 2019 жылы Беларусьтен шетелге кетіп қалды. Ал 2020 жылғы қыркүйекте басқа Telegram-канал жүргізу үшін Nexta-Live арнасындағы жұмысын тастады.

Наразылықтар жалғасып жатқанда Беларусь соты Nexta-Live пен оның логотипін "экстремист медиа" деп танып, арнаны бұғаттады.

Жаңалықтар сайты логотипін ауыстырып, Telegram шифрі арқылы жұмыс істеуін жалғастыра берді. Бірақ билік Протасевичті терроршылар тізіміне енгізіп, "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды" деп айыптады.

Роман Протасевич өз аты-жөні көрсетілген терроршылар тізімінің көшірмесін жариялап, өзін билік саяси астармен қудалап жатқанын мәлімдеп, тағылған айыпты жоққа шығарды.

"Бұл [тұтқындау туралы бұйрық] мемлекеттік биліктің арнайы сыйлығы сияқты көрінеді" деді Роман Протасевич "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында.

– Меніңше, қазір билік өзгеше ойлаудың кез келген түрін қылмыс деп қарастырады. Мұны тұтқындалғандар санынан, түрмеде жатқандар туралы статистика деректерінен байқауға болады, – деген еді ол.

Роман Протасевичтің "Настоящее время" телеарнасына берген орысша сұхбаты (19 қараша 2020 ж.)

РОМАН ПРОТАСЕВИЧ ГРЕКИЯҒА НЕ ҮШІН БАРҒАН?

Amnesty International құқық қорғау ұйымы Беларусь билігінің кемінде 33 мың адамды ұстағанын айтып, "наразылар мен олардың жақтастарына қарсы саяси астары бар қылмыстық іс қозғағанын" айыптады.

Халықаралық құқық саласындағы көптеген бақылаушы "билік наразыларды қамауға алып, ұрып-соқты, айыппұл салды, наразылық акциясынан хабар таратқан журналистерді қудалады, оларды аккредитациядан айырды" деді.

Ол кезде Роман Протасевич үкімет тыйым салған Belarus of the Brain Telegram-арнасын жүргізетін.

Протасевич 2017-2018 жылдары Прагада Vaclav Havel Journalism стипендиясы бойынша Азаттық радиосында тәжірибеден өткен. The Vaclav Havel Journalism Fellowship – Азаттық радиосы мен Чехия сыртқы істер министрлігінің бірлескен бағдарламасы.

2017-2018 жылдары Роман Протасевич Беларусь мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген. Сол кездің өзінде оған "қатаң бақылаудағы БАҚ айтпайтын жаппай наразылықтарды ұйымдастырғаны" телінетін.

Беларусь журналистерін қолдайтын Media Solidarity тобының дерегінше, Роман Протасевич жақында Польшадан Вильнюске қоныс аударған. Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская да сол қалада тұрады.

Роман Протасевич Грекияға Светлана Тихановскаяның сапарынан ақпарат тарату үшін барған.

РОМАННЫҢ ӘКЕСІ НЕ ДЕЙДІ?

24 мамырда Роман Протасевичтің әкесі Азаттықтың Беларусь қызметіне ұлының қамауға алынғанын Telegram арқылы білгенін айтты.

– Бұл ақпарат ұлымның қамауға алынғанын растады. Кейіннен бұл жаңалық телеарналарда шыға бастады, – деді ол.

Романның ата-анасы биліктің қысымынан құтылу үшін сегіз ай бұрын шетелге көшкен. Олар ұлының Грекияда екенін білгенімен, оның Вильнюске қайтатынынан хабарсыз болған.

– Ол қайда баратынын ашып айтпайтын, мүмкін, оның қайда екенін көп адам білмесін деген болар, – дейді Романның әкесі, шетелде жүріп әскери атағынан айырылған бұрынғы сарбаз.

Роман Протасевич ата-анасының оның ұстанымын үнемі қолдай бермейтінін ашық айтатын. Оның әкесі Азаттық радиосына "ұлымыздың қызметі үшін саяси қудалаудан қауіптендік" деді.

Дмитрий Протасевич ұлының жұмысы туралы айта келе:

– Ақыр соңында оның айтқаны дұрыс екенін өмір көрсетті. Елімізде бостандық пен еркіндік үшін күресіп жүргендердің бәрінікі дұрыс, – деді.

Оның сөзінше, "қазіргі үкімет тәуелсіз журналистерден, сөз еркіндігінен және әрекетінің әлемге әшкере болатынынан қорқатындықтан", Лукашенко режимі Романның соңына түскен.

Бірақ оның ұлын ұстау операциясын жүргізу арқылы билік "бүкіл әлемге қандай айла-әдіс қолданатынын көрсетіп жатқанын ұмыт қалдырған". Еуроодақ лидерлері бұл оқиғаны Беларусь билігінің коммерциялық ұшаққа қоқан-лоқысы деп бағалаған еді.

– Бұл адамгершілікке жатпайтын ерсі әрекет әрі зорлық, қамауға алу әдісі. Бұл өте аянышты, – дейді мемлекеттің өзгеше ойлайтындарды басу әдісін айыыптаған Дмитрий Протасевич.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG