Accessibility links

ЕО өкілі Буриан: Қазақстанда адам құқығы қағазда ғана емес, іс-жүзінде жүзеге асу керек


Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан Нұр-Сұлтанда журналистермен кездесуде отыр. 8 маусым 2021 жыл.
Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан Нұр-Сұлтанда журналистермен кездесуде отыр. 8 маусым 2021 жыл.

8 маусымда Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан Нұр-Сұлтанда журналистермен кездесуде Қазақстандағы адам құқығы жағдайына қатысты пікір білдірді.

Ол Қазақстанға сапары кезінде Алматыда белсенділермен, Нұр-Сұлтанда Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен кездескенін айтты.

Буриан Әзімовамен кездесуде "Адам құқығы тек қағазда, заңда көрініс тауып қана қоймай барлық ведомствода іс-жүзінде жүзеге асуы керек" деген.

Петер Буриан 9 маусымда Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі тиіс.

Ол Қазақстан президентімен кездесуде Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельдің хатын тапсырмақ. Сөзінше, хатта екі жақты саяси-экономикалық даму, Қазақстандағы адам құқығы, саяси реформалар мен Орталық Азиядағы жағдай баяндалған.

Журналистер Петер Бурианнан Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы жайлы резалюциясы туралы сұрады. Ол Қазақстан халқы, билігі даму жолын өзі таңдайтынын алға тартып, Еуроодақтың әріптес мемлекеттердегі жағдайларға тек баға беретінін сөз етті. Ол қаулыны "өзін ретке келтіру үшін досына айна ұсынуға" теңеді.

- Егер досыңыздың бетіне жара шықса, ол сонысымен жүретін болса, басқалар күлмесі үшін оған жарасы жайында айту керек. Еуропарламенттің қарарын осылай деп қабылдау керек, - деді ол.

11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарар қабылдады. Қарарда елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудағы әділетсіздік, түрмедегі азаптау, белсенділерді қудалау сияқты адам құқығын бұзу фактілері айтылған. Бұл қарарды жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар "кейінгі жылдардағы ең объективті құжат" деп атаса, билік "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" деген.Сол кезде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "қарарды теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған. Қарар мәтіні елдегі ахуалы бұрмалайды" деген пікір білдірген.

11 ақпан күнгі Еуропарламент отырысында бірқатар еуродепутаттар Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы айтарлықтай нашарлағанын мәлімдеп, құқық бұзуға қатысы бар лауазымды тұлғаларға санкция салуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG