Accessibility links

Жалған вакцина паспортын жасатуға қатысты қозғалған қылмыстық істер көбейді


Екпе пункті. Көрнекі сурет.
Екпе пункті. Көрнекі сурет.

Қазақстанда биыл жалған ПТР-анықтама жасағаны үшін азаматтардың үстінен 23 қылмыстық іс қозғалған. Жалған вакцина паспорт әзірлеу бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне хабарлады.

"Биыл Қылмыстың кодекстің 385-бабы бойынша жалған ПТР тест әзірлеу және сату бойынша 23 қылмыстық іс ашылды. 12 іс өндірісі аяқталды. Сотқа екі іс жолданды. Он іс бойынша реабилитациялық жағдайға байланысты іс тоқтатылды. Қалғаны өндірісте. Жалған вакцина паспорты бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1 тармағы бойынша 4 қылмыстық іс өндірісте жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр" деп хабарлады министрлік.

Маусым айының ортасында ішкі істер министрлігі былтыр жалған ПТР тест бойынша 6 қылмыстық іс қозғады деп мәлімдеген еді.

Қазақстанда коронавирус ушығып тұрған тұста "жалған вакцина паспортын жасаушылардың көбейгені" жайлы ақпарат жиіледі. Азаттық тілшісіне аты-жөнін атамаған жастардың бірі "өзі қарсы болса да, ата-анасының үгіттеуімен өтірік вакцина салдырғанын" айтты.

"Негізі өзім салдырайын дегенмін. Бірақ ата-анам "вакцина әдейі адамдарды құрту үшін әзірленген" деп салдыртпай қойды. Ата-анамның танысы болғандықтан оларға 4 мың теңге төледім. Бәрі вакцинаны шынайы салдыртқан сияқты болды. Таңертең ауруханаға бардым, менің алдымда бір ғана адам болды. Бланк толтырдым. Екпе пунктіне кіріп едім, дәрігер қан қысымды өлшеді, саусағымнан қан алды. Бұдан соң иығыма спирт жағып, құр бинт жапсыра салды. Артынша телефоныма хабарлама түсті. Енді вакцинаның екінші дозасын 18 шілдеде тапсыруға тиіспін" деді аты-жөнін атамаған студент.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың ресми өкілі Ержан Байтананың сөзіне қарағанда, елде коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың ортақ реестрі бар. Ондағы деректі денсаулық сақтау саласының мамандары ғана толтыра алады.

"Ортақ реестр бізде бар. Адамдардың толық аты-жөні енгізіледі. Вакцинаның екі дозасын алғандарға электронды паспорт бірден шығады. Азаматтар дайын электронды паспортты egov қосымшасы арқылы өздері шығарып алады немесе өздері тіркелген поликлиниканың көмегіне жүгініп, анықтама ала алады. Ол құжаттардың астында штрихкодтар бар. Оны ешкім жасай алмайды. Ол кәдімгі арнайы бекітілген нұсқа бойынша шығарылады" деді ол.

Мамыр айының басында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда вакцина алмаса да, электронды паспортқа ие болған адамның тергеліп жатқанын хабарлаған. Министрліктің ақпаратына қарағанда, делдалдар бірнеше клиниканың атынан жалған вакцина паспорт жасап береміз деп қызмет ұсынған. Сол үшін 5-25 мың теңге талап еткен.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар жарты миллионға жуықтады. Өткен аптамен салыстырғанда науқастар 39 пайызға көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG