Accessibility links

Қазақстан Ауғанстанмен шекарадағы жағдайды реттеу үшін ОА елдеріне "бірнеше шартпен әскер жіберуге дайын"


Қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаев. Нұр-Сұлтан, 9 шілде 2021 жыл. Видеодан алынған скриншот.
Қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаев. Нұр-Сұлтан, 9 шілде 2021 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Қазақстан Ауғанстанмен шекарадағы жағдайды реттеу үшін Орталық Азия елдеріне әскери контингентін жіберуге дайын, бірақ ол үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Жұма күнгі брифинг кезінде қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаев осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, біріншіден Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бір мүшесі штабқа көмек көрсету жөнінде өтініш түсіруі тиіс. Екіншіден, парламент және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде ортақ шешім қабылдануы тиіс. "Тек осыдан дейін ғана оқиғаға қатысу бойынша шешім қабылданады" деді ол.

– Қазір Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай күрделі. Нақты кезеңде болжам жасау қиын. Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі жағдайды жіті қадағалап отыр, шетелдік әріптестердің қорғаныс ведомстволары мен аймақтық ұйымдармен де өзара әрекет ету мәселесін қарастырып жатыр. Сол себепті бұл бағытта нақты бірдеңе деп айту қиын. Жағдайды бақылап отырмыз, сәйкесінше шаралар қабылдаймыз, – деді Дәндібаев.

Осы аптада Тәжікстан Ауғанстанмен шекарада қауіпсіздікті күшейту үшін ҰҚШҰ елдерінен көмек сұраған болатын. Душанбе бұл тұста Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі 2013 жылы 23 қыркүйекте қабылдаған "Тәжік-ауған шекарасын нығайту үшін Тәжікстан Республикасына көмек көрсету" туралы шешімге сүйенген. Тәжік тарабы ұйым мүшелерін аталған құжат шарттарын орындауға шақырған.

АҚШ және НАТО Ауғанстаннан әскерін шығара бастаған тұста "Талибан" экстремистік тобы шабуылды күшейткен. Батыс елдерінің коалициясы қыркүйектің ортасына дейін әскерін толық әкетуді жоспарлап отыр.

Ауғанстанда радикалды діни топтардың күшеюі көрші Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр.

Тәжік билігінің айтуынша, қазір Ауғанстанмен шекарадағы ортақ сызықтың үштен екісі радикалды діни топқа қарайды. Оның жалпы ұзындығы – 1350 шақырым.

Соңғы ақпаратқа қарағанда, тәліптер Түркіменстан және Иранмен шекараға жақын тағы екі қаланы басып алған.

Радикалды топ халықаралық қауымдастық мойындаған Кабулдағы үкіметті басып алуы мүмкін деген қауіп те айтылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG