Жаңаөзендегі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясың еншілес мекемесі "KMG-Security" күзетшілері шамамен бір апта ереуілден соң талаптарына қол жеткізді. Сенбі күні түнде келісім комиссиясы қабылдаған хаттамаға сай, күзетшілер жалақысы олардың еңбек өтіліне қарай бөлінген санаттарға сәйкес төленетін болды.
Сенбі күні түнде қолдарына "KMG-Security" компаниясы басқармасының бастығы Талғат Тоқалов қолы қойылған мөрі бар бұйрық қолдарына тиген соң күзетшілер тарқаған.
Бұйрыққа сай, тамыз айынан бастап жедел топтың аға күзетшісі еңбек өтілі мен санатына қарай - 136-150 мың теңге аралығында (шамамен 318-352$), жедел топтың күзетшісі мен жүргізушісі – 124-137 мың теңге аралығында (290-320$), ал еңбек өтілі ең аз күзетшілер 123-135 мың теңгеге (288-317$) дейін жалақы алатын болады.
- Бізге санатқа қарай бөліп төлеуді ереуілдеп тұрған кезімізде ұсынғанда келіспеген едік. Бірақ кейін 40 жыл еңбек өтілі бар мұғаліммен жаңа бітіріп келген мұғалімнің жалақысы бірдей болмайды ғой деп өзара ақылдасып, еңбек өтіліне қарай, санатқа қарай бөлсін дестік. 15-20 жыл жұмыс істеген жедел топ күзетшісі 150 000 теңге алатын болды. Себебі бұл тарапта жауапкершілік көп, ол 24 сағат бойы қарумен жүреді,- деп түсіндірді ереуілдеген жүргізушілердің бірі.
Ереуілдеген "KMG-Security" компаниясының "Қазтрансойл", "Қазақ газ өңдеу зауыты", "Кен құрылыс сервис", "Өзенмұнайсервис", "Су өңдеу тасымалдау", "Өзенмұнайгаз" мекемелеріне қызмет көрсететін барлық күзетшілер сенбі күні түнгі ауысымнан бастап, жұмысқа кіріскен.
Шілденің 16-сында Маңғыстаудағы Бозащы түбегіндегі Қаражанбасмұнай кенішін күзетіп жатқан "KMG-Security" күзетшілері де осындай талап қойған еді. Келісім комиссиясына қатысқан "KMG-Security" компаниясының Жаңаөзендегі бөлім күзетшілері жалақыдағы өзгеріс компанияның Қазақстанның барлық аймағындағы мекемелеріне тән екені айтылғанын баяндады.
Дегенмен 19 шілдеде Азаттық тілшісі "Қаражанбастағы" күзетшілерге хабарласқанмен жауап ала алмады. Кей ақпаратқа қарағанда, ондағы ереуіл де тоқтаған.
Жаңаөзендегі "KMG-Security" компаниясы күзетшілерінің наразылығы 13 шілдеде басталған. Содан бері күннің ыстығына қарамастан күзетшілер өздері жасаған шатыр астында бес түн түнеген еді. Мекеменің мыңнан астам күзетшісі жұмыстарын толық тоқтатып, айлық жалақысын 150 мың теңгеге (352$) өсіруді және мереке қарсаңында сыйақы төлеуді талап еткен болатын. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров, "KMG-Security" компаниясының басқарма басшысы Талғат Тоқаловқа мыңнан астам адам қол қойған талап арыз жолдаған.
"KMG-Security" (бұрынғы "Semser Security", "Семсер") компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді.
Видео: Жаңаөзенде "KMG -Security" күзетшілері ереуілге шығып, жалақы өсіруді талап етіп тұр (15 шілде 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР