Коронавирус екпесіне қарсы бір топ әйел 19 шілде денсаулық сақтау министрлігіне барып, ведомство шенеуніктеріне шабуылдап, қол көтерді. Министрлік өкілдерінің сөзінше, ведомствоның қоғамдық қабылдау бөлімінің қызметкері шабуылдан зардап шеккен.
Министрлікке келгендерге денсаулық сақтау министрінің орынбасарлары Жандос Бүркітбаев, Ажар Ғаният және мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің өкілі Ержан Байтанаев шыққан. Шенеуніктер вакцина қарсылармен сөйлесуге тырысып еді, нәтиже болмады. Әйелдер балаларға екпе салуға қарсы екенін айтып, шенеуніктердің сөзіне құлақ аспады (Министрлік алда Pfizer екпесін балаларға салу жайлы айтқан, бұл екпені АҚШ, Израиль балаларға да егіп жатыр).
Желіде тараған видеода әйелдердің Байтанаевқа қол көтеріп, ұрып жатқаны, балағат сөз айтқаны байқалады.
Кешкісін Байтанаев Facebook парақшасында жағдайды "арсыздық және агрессия" деп, шабуыл кезінде министрлікте жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі әйел қызметкердің зардап шеккенін жазды.
Байтанаев қызметкердің жағдайы туралы ашып айтпады.
"Мүгедектердің құқығын қорғап жүрген адамдардың өзі қорғансыз адамға қол көтеріп, зардап шектірсе, екі жүзділік емес пе?" деп жазды ол постында.
Кешкісін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мемлекеттік арнаның эфирінде әйелдердің шабуылынан "зардап шеккен әріптестері" жайлы айтты, бірақ қанша адамға зақым келгенін, олардың қызметін атамады.
"Іште қызмет істейтін әріптестеріміз зардап шекті. Біз күштік құралдарды қолдана алмаймыз. Ашық сөйлесу үшін шықтық. Жартысы тыңдады, жартысы өз ойында қалды. Меніңше, олар бұрыннан ызалы. Әлеуметтік, отбасылық, тұрмыстық мәселелері бар сияқты. Азаматтарды түсініп, олармен сөйлесуге тырысамыз, бірақ реакция кейде шектен шығып кетеді" деді ол.
Министрлік өкілдеріне шабуыл жасаған әйелдер 19 шілде алдымен "Байтерек" монументі алдына жиналып, наразылық білдірген. Кейін олар денсаулық министрлігіне беттеген еді.
Қазақстанда үкімет еңбек ұжымдарына коронавирусқа екпе салуды міндеттеген. Осыдан соң елде екпені міндеттеуге қарсы акциялар өте бастады. Екпеге қарсылар вакцина алмаса жұмыстан шығып қалатынын айтқан.
19 шілдеде елдегі коронавирус жағдайына байланысты жиында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екпе қарсыларды вакцина алуға иландыру керегін айтты.
“Антиваксерлердің шағын тобына бола еңбегімен отбасын асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қауіпке тіге алмаймыз” деді ол.
Халықаралық сарапшылар мен ғалымдар коронавирустың бетін тек екпе қайтара алады дейді.
Ресми дерек бойынша, елде 4,9 миллион адам екпенің бір дозасын; 2,8 миллион адам екі дозасын да алған.
ПІКІРЛЕР