Accessibility links

Жаңаөзенде тағы бір мекеме жұмысшылары ереуілге шықты


"UTS LLС" мекемесінің ереуілдеп тұрған жұмысшылары. Жаңаөзен, 23 шілде 2021 жыл. Скриншот.
"UTS LLС" мекемесінің ереуілдеп тұрған жұмысшылары. Жаңаөзен, 23 шілде 2021 жыл. Скриншот.

23 шілдеде Жаңаөзенде тағы бір компания –"UTS LLС" мекемесінің 80-ге тарта жұмысшысы жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Бұл моноқалада әлеуметтік мәселеге байланысты ереуілдеп жатқан кемінде алты компанияның бірі. "UTS LLС" –"Өзенмұнайгаз" компаниясына қызмет көрсететін қосалқы мердігер мекеме болып саналады.

Жұмысшылар басшылыққа бірнеше талап қойып отыр:

  • Жалақыны жүз пайызға өсіру;
  • Вахталық тәсілмен істеген кезде барлық күнге төлеу, түнде істегендерге еңбекақыны 1,5 ставкамен беру;
  • Денсаулыққа зиянды аймақта жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу;
  • Мереке күнгі жұмыстарға ақша қосу.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, қазір олар 110-165 мың теңге аралығында жалақы алады. Қымбатшылық кезде мұндай жалақымен күн көру қиын.

"Өзенмұнайгаздың" радиациялық құбырларын химиялық заттармен жуып-тазалаумен айналысатын жұмысшылар оның денсаулыққа өте зиянды екенін, бірақ мекеме ашылғалы бері сол үшін өтемақы төленбей келе жатқанын алға тартты.

"Бұл жерді "қабір"(могилла) деп те атайды. Себебі, денсаулыққа өте зиянды. Аппаратпен келіп тексерген кезде өте қауіпті екенін көруге болады. Ал қазіргідей айлықпен өміріңді қауіпке тігуге тұрмайды. Оның үстіне қазір азық-түлік, бәрі қымбаттап жатыр. Бала-шағаны асырау керек. Пәтерақысы бар. Талап-арыздарымызды баяғыдан айтып келеміз" дейді жұмысшылардың бірі.

Олардың айтуынша, мекемеде 90 шақты жұмысшы бар: 80-і жұмысын тоқтатып, ереуілге шыққан. 23 шілдеде күндіз компанияның атқарушы директоры Берік Ғалиев келіп кеткен.

"Ол талаптарыңызды орындай алмаймыз деді. Комиссия да құрылған жоқ" деді ереуілшілердің бірі Азаттық тілшісіне.

23 шілдеде кешке қарай Азаттық тілшісі компанияның атқарушы директоры Берік Ғалиевке хабарласып көрді. Ол компания басшылығы өкілдерінің мәселені шешуге тырысып жатқанын айтты.

- Жұмысшылардың талаптарын жазып алдық. Жиналыс болды. Жігіттер қазір сол жерде (ереуіл болған маңда - ред.) отыр. Мен жоғары басшыларға айттым. Жоғары басшылар өздері шешімдерін қабылдап, (Алматыдан) бері қарай шығайын деп жатыр. Мұнда жиналыс өткізіп, жұмысшылардың арыз-өтініштерін өзі тыңдау үшін осында келеді. Жұмыс тоқтатылды. Жұмыс орынның бәрін жаптық, – деді ол.

Оның айтуынша, мекеменің кірісі тендерге байланысты. "Тендер жоқ болса, жұмыс та жоқ, тендерсіз қол қусырып отырған кезіміз де болды" деді ол.

Қазір Жаңаөзенде соңғы мәліметке қарағанда, кемінде жеті мекеме жалақы мен еңбек жағдайына байланысты талап қойып, ереуілдетіп жатыр. Бұлар: "Казпромтехкомпани", "Өзенмұнайгазға" вахтерлық қызмет көрсететін NBKS, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ететін "Тазалық-С", арнайы көліктерді жөндеу мен техникалық қамтамасыз етумен айналысатын "Оilfield equipment and services", мұнай ұңғымаларын жөндеу, монтаждау, мұнай-газ өндірісіндегі электр-техникалық жабдықтарды жөндеумен айналысатын "Ақтау мұнай сервис компаниясы", "Өзенмұнайгазға" тасымал қызметін көрсететін Kunan holding жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG