Әйелдердің, соның ішінде ЛГБТ+ (лесбиан, бисексуал, трансгендер және басқа да сексуалдық азшылық) өкілдерінің құқығын қорғайтын Feminita тобының жетекшілері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Алматыда Zoom арқылы онлайн баспасөз мәслихатын өткізді. Шара Facebook-те де тікелей көрсетілді.
Белсенділер сексуалдық азшылық өкілдерінің құқығы бұзылатынына, олардың қысымға ұшырайтынына шағымданды және биыл көктемде Шымкентте, сосын жақында Қарағандыда болған оқиғаларды мысалға келтірді. Баспасөз мәслихатына қатысушылар ЛГБТ+ өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қарағандыда болған оқиғаға құқықтық баға беруді, құқық қорғау жиынын аяқтауға мүмкіндік бермей, олар отырған ғимаратқа шабуыл жасамақ болған ер адамдарды жауапқа тартуды талап етіп, Қазақстан президентіне және құқық қорғау органдарына үндеу жасады.
— Құқық бұзу жағдайларын әділ тексеруге шақырамыз. Сіздерге сөзімізді жеткізу өте қиын. Бірақ белсенділердің өлімін күтіп отырудың керегі жоқ шығар. Біз қауіпсіз жағдай қалыптастырып, әйел құқықтарына қатысты шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік сақталатынына кепілдік беруді сұраймыз. Полиция мен әкімдіктің құқық қорғау шараларына араласпауына, бізге шабуыл жасалмауына жағдай қалыптастыруды сұраймыз. Біз әйел құқықтары саласында жұмысымызды істеп жүрміз. Бізге кедергі жасамаңыздаршы, өтінеміз, — деді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата сөз сөйлеген Жанар Секербаева.
28 шілдеде ондаған агрессияшыл адам Қарағандыда Feminita әйелдердің және лесбиян, бисексуал, трансгендер адамдардың құқықтары бойынша тренинг өткізіп жатқан ғимарат маңына жиналды. Соның кесірінен шара тоқтатылып, кездесуге қатысушылар полицияның арнайы жасағы ашқан жол арқылы эвакуацияланды. Полицейлер оқиға орнында ешкімді ұстамаған. Тренингке қатысып жатқан адамдарды полицияға алып барған. Қарағандыда тағы екі кездесу өткізбек болған Feminita белсенділерін бірнеше сағат ұстап, кейін пойызбен Алматыға жөнелткен.
Мамыр айында осыған ұқсас жағдай Шымкентте болған еді, ол кезде беймәлім адамдар Секербаева мен Сержанға шабуыл жасаған.
Баспасөз мәслихаты кезінде Секербаева топ арасынан өтіп бара жатқанда бетіне, денесіне соққы тигенін Алматыға келген соң ғана растай алғанын айтты. Оның айтуынша, Қарағанда бұл соққыны тіркеуге алмаған. Ол эфир кезінде иегіндегі жарақатты көрсетті. Тренингке келген басқа қыздар арасында да жарақат алғандар бар: бір қыздың көзәйнегін жұлып алса, тағы екі қыздың шашынан тартқан, енді бірінің бүйрек тұсынан ұрған. Олар осы фактілерді Қарағанды полициясына айтып берген.
Бұдан бұрын Қарағанды облыстық полиция департаменті белсенділердің арызы қабылданғанын хабарлады. Олардың айтуынша, полиция "адамдардың әйелдерге тиісуіне жол бермеген", ешкімді ұстамаған, ал Feminita тобының өкілдерін "олардың қауіпсіздігі үшін" полиция ғимаратында ұстаған. Олар осы арқылы конфликтінің әрі қарайы ушығуына жол бермегенін айтты.
Feminita белсенділері полицияның бұл пікірімен келіспейді, полиция третингке қатысушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпеді дейді. Олар тікелей эфирде Шымкент пен Қарағанды полициясына қайырылып, болған екі оқиғаға құқықтық баға беруді талап етті. Олар шабуыл жасаған, агрессия көрсеткен адамдардың бірде-бірі ұсталмағанына назар аударды.
Белсенділердің айтуынша, Қарағандыдағы оқиғадан соң шараға қатысқан кәмелетке толмаған үш адамның үйіне полицейлер барып, ол жерге не себепті барғаны, онда не істегені туралы түсініктеме алған. Feminita өкілдері мұны моральдық қысым және адам құқықтарын бұзу деп атайды.
Feminita өкілдерінің айтуынша, шараның өтетін орны соңғы сәтке дейін құпия сақталғанына қарамастан, оның мекенжайын тренингке қатысып, оған келмей қалғандардың не сол сәтте арасында болғандардың бірі таратып жіберген болуы мүмкін.
Баспасөз мәслихатына басқа құқық қорғаушылар, соның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссарының өкілдігінен адам қатысты.
ПІКІРЛЕР