Accessibility links

АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі жергілікті қызметкерлерін жұмыстан босатты


АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінің алдында тұрған адамдар. Көрнекі сурет.
АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінің алдында тұрған адамдар. Көрнекі сурет.

АҚШ Ресейдегі дипломатиялық миссияларының 200-ге жуық жергілікті қызметкерін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. Мәскеу бұған дейін Вашингтонның санкцияларына және ресейлік дипломаттарды АҚШ аумағынан аластауға жауап ретінде АҚШ-тың Ресейдегі ресми өкілдіктеріндегі қызметші санын азайтуға 1 тамызға дейін мерзім берген.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 30 шілде күні жасаған мәлімдемесінде қызметкерлерді жұмыстан босату қынжыларлық жайт екенін және АҚШ-тың Ресейдегі дипломатиялық миссияларының жұмысына теріс әсер ететінін айтты.

"Ресей үкіметі АҚШ-қа тамыз айынан бастап - біздің қарауылды қоспағанда – ресейлік немесе үшінші елдердің азаматтарынан қызметкер ұстауға, жалдауға не олармен келісім-шарт жасасуға тыйым салып отыр. Мұндай әрекеттің Мәскеу, Владивосток және Екатеринбургтегі дипломатиялық кеңселеріміздегі 182 жергілікті қызметкер мен келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жүрген ондаған адамды жұмыстан босатуға бізді мәжбүр еткеніне қатты қынжыламыз" деді Блинкен.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы өз елінің бұл тыйымға қынжылатынын, бірақ "Ресеймен болжамды және тұрақты қарым -қатынасты жалғастыра отырып, өз міндеттемелерін орындай беретінін" айтқан.

Ресей сыртқы істер министрлігі бұл жөнінде ештеңе айтпай отыр. Ресейдің Вашингтондағы елшілігі Азаттық тілшісінің бұл мәселеге байланысты түсініктеме беруін сұраған сауалына әзірге жауап берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG