Accessibility links

ПТР-анықтама мен вакцина паспортын қолдан жасау: 50 іс қозғалған, 28 медицина қызметкері ұсталған


Коронавирусқа қарсы вакцина.
Коронавирусқа қарсы вакцина.

2021 жылдың басынан бері Қазақстанда "медициналық құжатты қолдан жасағандарға" қатысты 110 қылмыстық іс қозғалған: 60-ы – ПТР-анықтама, 50-і вакцинаның жалған паспортымен байланысты. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Полиция осы істер бойынша 28 медицина қызметкері: 6 дәрігер, 14 медицина қызметкері, 8 делдалды ұстаған. Әлеуметтік желіні бақылау барысында жалған медициналық құжат жасап беремін деп заңсыз қызмет ұсынған 70 хабарландыру анықталып, 37-і бұғатталған.

"Медициналық құжаттарды қолдан жасап, ұсынудың тұтас схемалары анықталды. Кейбір туроператорлар жалған вакцина паспорттарын шығарумен және сатумен айналысқан. Сонымен қатар, оларды теміржол вокзалдарында, әуежайларда және мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінде іске асыру фактілерінің жолы кесілді" деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Төрт қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шыққан. 43 іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бұған дейін министрлік заңнамада жалған құжат жасау бойынша 4 жылға дейін түрме жазасы қарастырылғанын, оны пайдаланғандар 40 күнге дейін қамалуы мүмкін екенін ескерткен.

Қазақстанда ақпан айынан бері коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны жүріп жатыр. Көктем айларында вакцинаның жалған паспортын жасаушылар мен пайдаланушылардың көбейе бастағаны хабарланған еді. Билік фактілер тіркелгенін растағанмен оның жаппай таралғанын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG