Accessibility links

Воронежде жолаушылар автобусы жарылды. Оннан астам адам зардап шекті


12 тамызда түнде Ресейдің Воронеж қаласында жолаушылар автобусы жарылып, оннан астам адам зардап шекті. Олардың барлығы ауруханаға жатқызылған. Жарылыс бір адамның аяғын жұлып әкеткен, ол қаза болды.

Оқиға орнына ФСБ қызметкерлері мен криминалист сарапшылар барған. Олар автобус қалдықтарын зерттеп жатыр.

Алдын ала ақпаратқа қарағанда, автобустың жарылуына газ құрылғысы себеп болуы мүмкін. Автобус төбесінде ақауы бар баллоннан газ шыққан деген болжам айтылды.

Алайда жолаушылар тасымалдаумен айналысатын компания өкілі РИА Новости агенттігіне автобустардың барлығы дизельмен жүретінін айтқан. Компания ақпараты бойынша, автобус аялдамаға тоқтаған кезде – адамдар мініп жатқан шақта жарылған.

Baza басылымы да автобустың дизельді двигательмен жабдықталғанын және газ құрылғысы жоқ екенін жазды.

Тергеу комитеті қылмыстық істің қозғалғанын және Воронежге Мәскеуден мамандар жіберілгенін хабарлады.

Әзірге ресми түрде жарылыс себебі айтылмады.

Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев 13 тамыздан бастап қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушыларға автобустағы кез келген бөтен затқа назар аударуды сұрайды деп мәлімдеді. Губернатордың бұл сөзі теракт версиясының да қарастырылып жатқанынан хабар береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG