Accessibility links

Ресейде полиция баспасөз еркіндігінің шектелуіне наразы журналистерді ұстап әкетті


"Медиазона" журналисі Александр Горохов жалғызкісілік пикетте. Мәскеу, 21 тамыз 2021 жыл.
"Медиазона" журналисі Александр Горохов жалғызкісілік пикетте. Мәскеу, 21 тамыз 2021 жыл.

Мәскеуде ФСБ ғимараты алдында баспасөз бостандығының шектелгеніне және бұқаралық ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп танылғанына наразы журналистердің пикеті өтті.

Рұқсат етілмеген митингілерге тыйым салатын Ресей заңын айналып өтуді көздеген журналистер жеке-жеке жалғызкісілік пикет өткізді. Бірақ полиция алты адамды ұстап әкетті.

Ең бірінші болып "Медиазона" журналисі Александр Гороховты ұстады. Ол "Бізге бұл емес, еркін журналистика" керек деген жазуы бар плакатын енді ғана жайған еді. Журналисті көп ұзамай босатты, айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертті.

Осыдан кейін пикетке Азаттық радиосы Орыс қызметінің Антон Сергиенко шықты. Полицейлер оның жеке дерегін жазып алып, паспортын суретке түсірді, бірақ ұстамады. Кейінірек ұстап әкету қайта басталды.

20 тамыз күні Ресей әділет министрлігі "шетел агенті" деп танылған баспасөз тізіміне "Дождь" телеарнасы мен "Важные истории" басылымын кіргізді.

Кезінде эфирден шығатын "Дождь" қазір интернет арқылы хабар таратады. 2016 жылы телеарна Роскомнадзорға (Ресейдің баспасөз қызметін реттейтін мекемесі) шетелден қаржы алу жөнінде есеп берген. 2019 жылы бұл құжат телеарнаның өз қаржы есебінде де көрсетілді.

"Важные истории" – Латвияда тіркелген интернет-басылым. Ол көбіне журналистік зерттеулермен айналысады. Оның бас редакторы Роман Анин қылмыстық іс бойынша куәгер болып отыр. Іс қызметтік бабын пайдалана отырып жеке өмірге қол соғу жөнінде қозғалған.

2019 жылдың соңында Ресей "шетелгі агенті саналатын баспасөз" туралы заң қабылдап, шетелден қандай да бір қаржы алды деген баспасөз құралдарын әрбір хабарының алдында осы "шетел агенті" екенін ескертіп отыруға міндеттеді. Мамандар бұл заңның еркін әрі тәуелсіз басылымдарды қудалау үшін қолданылып отырғанын айтады. Кейінгі жылда "шетел агенті" деп танылған баспасөз құралдары қатарына Meduza.io және Азаттық радиосы секілді тәуелсіз басылымдар да кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG