Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс құрбандарын туыстары жұма, 27 тамыз күні түстен кейін Тараздағы облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітханадан біртіндеп әкете бастады. Мәйітхана аумағын Ұлттық ұлан сарбаздары қоршап тұр.
Әзірге нақты қанша адамның мәйіті туыстарына берілгені белгісіз. Бірақ мекеменің сыртында тұрған адамдар Азаттық тілшісіне мәйітханадан марқұмдарды кезекпен беріп жатқанын айтты. Жақынын жоғалтқан жандар көзіне жас алып, қайғырып тұр.
Ресми дерек бойынша, қаза тапқандар тізімінде аталған әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаевтың туыстары да мәйітханаға келген.
"Бұл Алланың басқа салғаны, басқа ештеңе айта алмаймыз" деді олар.
Кешелі бері өрт сөндіруші болып істейтін туысын ешбір ауруханадан таппай, қаралы хабарды жұма күні естіген адамдар да мәйітхана алдында тұр. Олар әлі жарылыс салдарынан мерт болған туысын тануға кіріп үлгермеген. Кезек күтіп тұр. Төтенше жағдай департаментінің аты-жөнін атамаған қызметкері сырттағы бір топ адамға келіп: "Елдос Сандыбаев пен Арнұр Темірболатовтың денесі мәйітханада" деді.
Бұл екі адамның есімі ресми ақпаратқа әлі қосылған жоқ. Нақтыланбаған дерек бойынша, билік хабарлаған 5 адамнан бөлек жарылыс салдарынан қаза тапқан тағы 4 адам мәйітханаға әкелінген.
Өрт сөндіруші інісінен айырылған Тараз тұрғыны (есімін атамады) "әскери оқ-дәрі жарылғанда қойма аумағына неге өрт сөндірушілерді кіргізді, тек аумақты қоршауы керек еді, су тиген снарядтар одан сайын жарылмай ма?" дейді.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Кейінгі ресми мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан 9 адам қаза тауып, екі адам хабарсыз кеткен. Ондаған адам жараланған. Әскери қоймадағы жарылыстан бірнеше күшті дүмпу болып, жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.
ПІКІРЛЕР