Accessibility links

Ақмола облысында ковидтен емделіп шыққан соң мәйіті даладан табылған әйел жерленді


Ақмола облысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.
Ақмола облысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Бүгін, 11 қыркүйекте Ақмола облысының Жолымбет ауылында екі күн бұрын ауруханадан шамамен 2,5 шақырым жерден табылған әйелдің мәйіті жерленді. Туыстары оның ковидпен ауырып, Аршалы аудандық ауруханасында емделгенін, мекемеден шығарар кезде көз жазып қалғанын айтады. Қазаның себебін туыстары аурухана дәрігерлерінің салғырттығынан көріп, "марқұмды үйге жіберер алдында хабарламады әрі әйел орысша білмейтіндіктен жағдайын түсіндіріп айта алмаған" деп санайды.

61 жастағы Қазиман Асқар Ақмола облысының Шортанды ауданындағы Жолымбет ауылында тұрған. Оны 6 қыркүйекте ковидтен емделген соң Аршалы аудандық ауруханасынан үйіне жіберген. Бірақ әйел үйіне жетпей, үш күннен соң аурухана маңында өлі күйінде табылған.

- Біз апамызды жерледік. Бірақ жергілікті биліктен де, аудандық, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да ешкім келмеді. Өлімнің себебін анықтаған сараптама қорытындысын да қолымызға бермеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы аласыңдар деді, - дейді Азаттыққа марқұмның туыстарының бірі.

Қазиман Асқар Шортанды аудандық ауруханасына жедел жәрдем көмегімен 21 тамызда түскен. Туыстарының айтуынша, ол жерде оған коронавирус диагнозы қойылып, тыныс алу аппараты мен емдеу мүмкіндігі болмаған соң Аршалы аудандық ауруханасына жіберілген.

– Ол жерде апамыз ұзын саны 15 күн жатты. Оны 6 қыркүйекте сағат 13-те ауруханадан шығарған. Содан үш -төрт күн бұрын сөйлескенде, телефоны қуатының біткенін айтып, оны қуаттандыруға көмектесуді өтіндік. Келіннің нөмірін дәрігерлер жазып алды. Бірақ ешкімге оның ауруханадан шығатыны туралы ақпарат алдын ала берілмеді. Екі аптадан аса ауыр дәрілер алып, әлсіреген адамды ауруханадан шығарар алдында туыстарына айтып, қолдарына табыс етуі, ковидтен соң оқшаулануы керек пе, әрі қарай қалай емделуі тиіс деген түсініктеме айтуы керек қой. Ауруханадан шығарған медбикені тауып сөйлескенде ол "балаларым келіп тұр" деген соң жібердік дегенді айтады, - дейді Қазиман Асқардың туысы.

Қазиман Асқарды туыстары көп сөйлемейтін, тұйық, денсаулығы әлсіз, әлжуаз адам еді деп сипаттайды. Оның орыс тілін білмеуі де ауруханада өз қал-жағдайын айтып, түсіндіре алмағаны да өлімге себеп фактордың бірі болды деп санайды.

Азаттық тілшісі Аршалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Альбина Анюхинаға қоңырау шалғанымен, оны "облыстан келген денсаулық сақтау басқармасымен бірге жүр" деп телефонға қоспады. Қазиман Асқардың қазасына қатысты Ақмола облыстық денсаудық сақтау басқармасы да түсініктеме берген жоқ. Дегенмен Альбина Анюхина әйелдің мәйіті табылған күні журналист әрі блогер Айсұлтан Жақыповқа видео комментарий беріп, онда әйелдің "психикалық ауытқушылығы болуы мүмкіндігін", бірақ ауруханадан шыққанда денсаулығының жақсы болғанын айтқан.

Ақмола облыстық полиция департаменті 9 қыркүйекте адам жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

– Басқа қылмыстық іс қозғалған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Бірақ оны дәрігерлер аман-сау күйінде шығарған ғой. Ол ересек адам. Денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс жасап жатыр. Бәрі соның нәтижесінде белгілі болады, - деді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук.

Бірақ Қазиман Асқардың туыстары бұл мәлімдемемен келіспейді. Олар аурухана дәрігерлері оның шығатыны туралы ақпарат бергенде мұндай қайғылы жағдай болмас еді деп санайды. Олар арнайы орындарға арызданғанын, аурухана дәрігерлерінен материалдық және моральдық шығын талап ететінін айтты.

Ресми мәлімет бойынша, былтырдан бері Ақмола облысында короновирусқа шалдыққан 39 596 адам тіркелген. Оның 35 661- і жазылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG