Accessibility links

Бұрынғы қаржы вице-министрі төрт жылға бас бостандығынан айырылды


"Пара алу" бабы бойынша айыпталған бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде бейсенбі күні Sud.kz сайты хабарлады. Сот бұрынғы шенеунікті өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуге де тыйым салды.

Сот ақпаратына қарағанда, Руслан Еңсебаев қаржы министрлігін цифрландыруға байланысты өткен байқау кезінде "Әл-Фараби Partners" компанияның жеңіп шығуы үшін 1,2 млн теңге пара алған. Сот шенеуніктің қабылдаған антын бұзуын қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай ретінде таныған. Хабарламада оның айыпты мойындағаны-мойындамағаны айтылмайды. Еңсебаев жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі колонияда өтейді.

Соттың хабарлауынша, Еңсебаевпен бірге ақпарат және қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Ескендіров те төрт жыл түрме жазасын алған. Сот оның "келісім-шарттар жасасу барысында құжаттарға қол қоюды жеделтету мен қамқорлық жасағаны үшін 2,3 млн теңге пара алғанын" анықтаған.

Ал "Пара беру" бойынша айыпталған жеке компания өкілдері Байбосынов пен Бұхарбай әрқайсысы жеті жылға сотталған.

Сотталушылар үкімнен кейін қамауға алынды.

39 жастағы Руслан Еңсебаев 2018 жылдың маусымынан 2020 жылға дейін қаржы вице-министрі болған. Оның ұсталғаны жөнінде ақпарат былтыр күзде хабарланған.

Қазақстанда билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Билік "парақорлықпен күресетін" көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG