Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылының тұрғындары Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның мүсінін орнатты. Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толу құрметіне арналған ескерткішті Шабанбай би ауылы мектебін 1990 жылы бітірген түлектер жинаған қаржыға Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Бейбіт Мұстафин жасаған.
25 қыркүйекте ескерткіш мүсіннің ашылу рәсіміне Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі жайлы көп томдық зерттеу жинақ шығарған Сұлтан-Хан Аққұлы, 20 ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысын зерттеушілер Тұрсын Жұртбай, Жандос Смағұлов, Қайырбек Кемеңгер, Сағымбай Жұмағұлов бастаған бір топ ғалымдар, мәжіліс депутаты Қазыбек Иса және және облыс әкімдігінің өкілдері, Ақтоғай ауданының әкімі мен ауыл адамдары қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейінгі ғылыми-практикалық конференцияда Сұлтанхан Аққұлы Әлихан Бөкейханды "Кенесары Қасымұлы өлгеннен кейін жойылған қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруші" деп бағалады. Алаштанушы Тұрсын Жұртбай "бүгінгі Қазақстанның саяси-қоғамдық ұстанымдары Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысының ұстанымдарына сай келмей отыр" деп санайтынын айтты.
Конференциядан кейін бірқатар зерттеуші Әлихан Бөкейханның ата-анасы мен туыстары жерленген Талдыбейіт қорымына барды. Шабанбай би ауылынан 30 км жерде, Жіңішке өзенінің жағасында орналасқан қорымға Әлиханның әкесі Нұрмұхамед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай, бауырлары Әзіхан, Тәтіхан, Смахан жерленген. Смахан көзі тірі кезінде осы қорымға Әлихан Бөкейханның тақиясын жерлеп, 7 көктас орнатқан.
1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы. Шабанбай ауылының маңы) дүние келген Әлихан Бөкейхан 20 ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш Орда үкіметінің төрағасы болды. Қазақстанда большевиктер билігі орнаған соң бірнеше рет қамауға алынып, 1937 жылы 71 жасында атылған. Сүйегі Мәскеудегі Дон зиратында саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге жатыр.
ПІКІРЛЕР