Accessibility links

Үкімет: Көмірдің 10 пайызы халық қажетіне жұмсалады, 90 пайызы экспортталады


Көмір тапшылығы. Карикатура авторы Ғалым Смағұлұлы.
Көмір тапшылығы. Карикатура авторы Ғалым Смағұлұлы.

Қазақстанда өндірілетін көмірдің он пайызы ғана сауда биржалары арқылы халық қажетіне жаратылады. Қазір халықтың көмірге сұранысы 71,2 пайызға орындалған. Сейсенбі күні көмір мәселесіне арналған баспасөз жиынында осындай мәлімет келтірілді.

— Көмірдің он пайызы делдалсыз сауда биржалары арқылы көмір қоймаларына жеткізіледі. Әкімдіктер бізге істеп тұрған қоймалардың тізімін береді. Биыл Қазақстан бойынша 200 қойманың тізімі келді, сауда-саттық жасалды. Қысқы кезеңге жоспарланған 500 мың тонна көмірдің 200 мыңы сатылып қойды. Жергілікті аймақтағы департаменттер қоймадағы бағаларды бақылап, сараптады. Биыл болжам бойынша, көмірдің құны өспейді, — деді бәсекені қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, қалған 90 пайыз көмірдің құнын үкімет қадағаламайды.

— Яғни, арзан көмір келеді, қойма шығынын есептеп, үстемақы қосады да, халыққа қонымды бағамен сатады. Қалған 90 пайызы биржаға бармайды, оларды көмір разрездері өз бетінше бағалап сатады, — деді Болат Сәмбетов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты комитет өкілі Жанат Игісіновтің айтуынша, қазір Қазақстан халқының көмірге сұранысы 9,2 млн тоннаны құрайды: 6,4 млн тоннасын халық тұтынады, қалған 2,8 млн тоннаны тұрғын үй-коммуналды шаруашылықтары пайдаланады.

— Қазір халықтың көмірге сұранысы 71,2 пайызға орындалды, ал тұрғын үй-коммуналдық сектор 92,5 пайызға қамтамасыз етілді. Қазан айының ортасына қарай халық жүз пайыз көмірмен қамтамасыз етіледі деп отырмыз, – деді Игісінов.

Оның айтуынша, биыл Нұр-Сұлтанда халықтың көмірге сұранысы 300 мың тоннаны құрайды. Қазір 168 мың тоннасы (яғни, 56 пайызы) жеткізілген. Көмірге зәру болып отырған аймақтар арасында Ақтөбе облысы бар, облысты көмірмен толық қамтамасыз ету үшін 28 мың тонна көмір керек, қазір 8,4 мыңы ғана жеткізілген.

Қазақстанда 2020 жылы 109,2 млн тонна көмір өндірілген, биыл 107,3 млн тонна өндіріледі деген жоспар бар.

Игісіновтің айтуынша, 2021 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан Ресейге – шамамен 13 млн тонна, Беларуське — 697 мың тонна, Украинаға — 574 мың тонна, Қырғызстанға — 661 мың тонна, Өзбекстанға — 568 мың тонна, Қытайға — 84 мың тонна, Польша, Латвия, Финляндия және өзге де елдерге шамамен 3,8 млн тонна көмір экспорттаған. 8 айда жалпы 19,5 млн тонна көмір экспортталған.

Қазақстан аймақтарында және Нұр-Сұлтанда жыл сайын қыс басталар кезде көмір тапшылығы туындап, шикізат құны шарықтап кетеді. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында көмір кезегіне тұрғандар арасында төбелес болып, дзюдо бойынша чемпион Жасұлан Әбиев қаза болған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG