Accessibility links

Сот Арон Атабекті денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босатты


Арон Атабек.
Арон Атабек.

Диссидент, ақын Арон Атабек бостандыққа шығады.

1 қазанда Павлодар қалалық №2 соты Арон Атабектің жазасын денсаулығына байланысты жеңілдету жөнінде түрме әкімшілігінің өтінішін қарап орындаған.

Сот ақпаратына қарағанда, дәрігерлер Арон Атабектің дауасыз сырқатқа (омыртқа шеміршегінің зақымы) ұшырағанын анықтаған.

"Заңда баяндалған мән-жайлар мен процеске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаның бостандығын шектеу жазасы 1 жыл пробациялық бақылауға ауыстырылды. Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған тұлғаның немесе процеске өзге де қатысушыларды апелляциялық сотқа шағым түсіруге құқығы бар" делінген сот хабарламасында.

Құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттыққа сот шешімі 15 күннен соң күшіне енетінін, Арон Атабектің сол кезде түрмеден шығатынын айтты. Ал Жоғарғы сот өкілі Елдос Жұмақсанов Orda.kz сайтына Арон Атабекті бүгін босататынын айтқан. Тағы бір дереккөз Азаттыққа Арон Атабекті босату жөнінде шешімнің бірден күшіне енгенін, қазір ауруханада емделіп жатқанын айтты.

Түрме әкімшілігінің телефоны әзірге алмай тұр.

2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған диссиденттің шамамен бір апта бұрын ауруханаға түскені белгілі болған. Жазда Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан.

Бұған дейін оның денсаулығына алаңдаған азаматтық қоғам өкілдері президентке хат жазып, босатуды сұраған.

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.

"Елде саяси тұтқын жоқ" дейтін Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG