Accessibility links

"Жағдай қиындап барады". Ақтөбеде жүргізушілер дизель тапшылығына наразылық білдірді


Дизель тапшылығына наразылық білдіріп тұрған жүргізушілер. Ақтөбе, 5 қазан 2021 жыл.
Дизель тапшылығына наразылық білдіріп тұрған жүргізушілер. Ақтөбе, 5 қазан 2021 жыл.

5 қазанда Ақтөбеде жүк көлігі жүргізушілері дизель отынының тапшылығына орай наразылық білдірді. "Мега-Шығыс" сауда орталығының автотұрағына жиналған 15 адам арнайы комиссия құрып, әкімдіктің жанар-жағар май құю бекеттерін тексеруін талап етті.

- "Синойл" солярка тапшы деп бізге 50-100 литрден сатады. Ал транзит көліктерге қалағанынша құйып беріп жатыр. Ал "ҚазМұнайгаздан" 200 литр солярка алсаң, оған қосымша 10 мың теңгенің тауарын алуға міндеттейді. Үйге азық-түлік алатындай супермаркет болса екен. Заправкаларда шоколад пен судан өзге ештеңе жоқ. Бізге тауар емес, солярка керек, - дейді жүк көлігі жүргізушісі Мақсат Зілғарин.

Наразылардың бірі Әділбек Махмұтовтың айтуынша, 100 шақырым жол жүру үшін кемінде 35 литр дизель отыны керек. Шектеулі саудадағы елу литр маймен жүк көліктері алысқа ұзай алмайды.

- Осыған дейін 188-190 теңгеден сатылған солярка қазір Ақтөбеде 270-280-ге дейін барады. Кей жерлерде 250 теңге. Әркім ойына келген бағаны қойып алған. Осыдан бір апта бұрын әкімдік Ресейден дизель отынын әкелеміз деп уәде еткен болатын. Уәделерінде тұрмады. Жағдай күн сайын қиындап барады, - дейді жүк көлігі жүргізуші Әділбек Махмұтов.

Дизель тапшылығына байланысты Ақтөбе әкімдігі нақты ештеңе айта алмай отыр. Облыста екі мың тоннадан сәл асатын дизель қоры қалған.

- Қор аздау, әрине. Қазір Қазақстанның энергетика министрлігімен бірлесе облысқа Ресей Федерациясынан 5-55 мың тонна изель отынын жеткізу мәселесі шешіліп жатыр, - дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда бөлімінің басшысы Думан Дәулетияров.

Әкімдіктің мәліметінше, облыс орта есеппен ай сайын 350-360 мың тонна дизель отынын тұтынады. Соңғы кездері транзит көліктердің көбеюінен дизельге деген сұраныс күрт артқан.

Қарай отырыңыз: "Мұнайлы елде жанармайға зәруміз". Қазақстанда дизель тапшы (30 қыркүйек 2021 жыл).

"Мұнайлы елде жанармайға зәруміз". Қазақстанда дизель тапшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Қыркүйек соңында энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов елде дизель тапшылығы болмас үшін Ресеймен 100 мың тонна дизель импорттау жөнінде келіскенін хабарлаған. Вице-министрдің сөзінше, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл дизель отынын тұтыну 480 мың тоннаға өскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG